Шымкент қаласы Қазақстан өңірлері арасында білім сапасы бойынша 20 өңірдің ішінде 20-орынға тұрақтаған. Ресми дерекке сәйкес, Шымкенттегі 70 мектептің 52-сі аттестациядан өте алмаған. Бұл – білім сапасына, басқару жүйесіне және материалдық-техникалық базаға қатысты талаптардың сақталмауын көрсететін маңызды көрсеткіш. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүйеде қордаланған күрделі мәселелер барын мойындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, білім беру жүйесіндегі негізгі проблемалар мыналар: оқыту сапасының төмендігі, білікті кадрлардың жетіспеуі және мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына қатысу деңгейінің төмендігі.
Ақпан айында осы мәселелерді талқылау үшін 40 мектеп директорының қатысуымен арнайы жиын өткізілген. Нәтижесінде, мемлекет қаржысына ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курстарына педагогтердің қатысуын қамтамасыз етпегені үшін 8 мектеп басшысына қатысты шара қолданылды, - деді ол.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары 130 мұғалімнің ішінде 20-35 жыл еңбек өтілі бар 55 педагог тестілеуден өте алмағынын атап өтті. Бұл жағдай тәжірибелі мамандардың кәсіби даярлығы мен білімді жаңарту деңгейіне қатысты сұрақ туғызады.
Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, оның қызметке келген уақытынан бері үш мектеп директоры жұмыстан кеткен.
№33 мектеп апатты деп танылған. Ата-аналар балаларды басқа, талапқа сай емес ғимаратқа көшіруге қарсы болды. Тәуелсіз сарапшылар тексеріс жүргізіп, мектеп ғимаратын пайдалануға жарамды деп тапқан. Осыдан кейін директор өз еркімен қызметінен кетті. Сондай-ақ Қайнарбұлақ шағынауданындағы №106 мектеп пен 12-шағынаудандағы №43 мектеп директорлары ұжым ішіндегі келіспеушіліктерге байланысты қызметінен кетті. Ал 28 мектепте су жоқ, 9 мектеп асханасында санитариялық қорытынды жоқ болды, - дейді ол.
Бұл деректер қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарында ең қарапайым инфрақұрылым талаптарының сақталмай отырғанын көрсетеді.
Шымкенттің білім сапасы бойынша республикада соңғы орынға түсуі – жүйелі проблемалардың барын аңғартады. Ресми тұлғалар жағдайды түзету бағытында шаралар қабылданып жатқанын айтқанымен, аттестация нәтижелері, инфрақұрылым кемшіліктері және басқару деңгейіндегі олқылықтар білім саласында ауқымды реформалар қажет екенін көрсетіп отыр.
Еске сала кетейік, пайдалануға берілгеніне бір жыл толмай жатып, Түркістан облысы Сайрам ауданы Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің қабырғасы сөгіліп, жарықтар пайда болды.