Шымкентте жыл басынан бері автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады.
Қала аумағында жыл басынан терезелері күңгірттелген 1174 автокөлік жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келіп соғады, - деп ескертілген хабарламада.
Полиция қызметкерлері терезенің жарық өткізу талаптарының (нормаларынан) асып түсетін көлік құралдарын пайдалану жайттарын анықтау және жолын кесуге бағытталған жұмысты белсенді жалғастырып жатыр.