Бір топ шетелдік мас қонақ шаңғы мектебінің қызметкерлерімен жанжалдасқан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 1 ақпан күні кешкі уақытта болған.
Қонақтардың біріне сол уақытта қолы босамай тұрған кассирді ұзақ күткені ұнамай қалған. Туристер қызметкермен сөзге келіп, көшеде төбелесе кеткен. Жанжалды демалыс орнының қауіпсіздік қызметі тоқтатып, полиция қызметкерлерін шақырған.
Оқиғаға байланысты дереу қызметтік тексеру жүргізіліп, белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес қажетті шаралар қабылданды. Қонақтар қызметкерлерге агрессия танытып, қорлағанына байланысты полиция қызметкерлері шақырылды. Шымбұлақ тау курортының әкімшілігі қонақтарға өзін-өзі ұстау ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Біз агрессияның қандай да бір нысандағы көріністерін құптамаймыз. Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда барлық әрекеттер ҚР заңнамасына сәйкес қатаң қарастырылады, - деді "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортынан.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Медеу аудандық Полиция басқармасы бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Объективті мән-жағдайлары анықталып жатыр, - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.