Шағын Алматы өзеніндегі табиғи апат салдарынан бүгін SHYMBULAK тау курорты жұмыс істемейді, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл туралы SHYMBULAK тау курортының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарланды. Оған себеп 21 шілдеде Шағын Алматы өзеніндегі сел себеп болған.
Құрметті Шымбұлақ тау курортының қонақтары! 24 шілдеде санитарлық күнді өткізуге байланысты демалыс орнының жабық болатынын өкінішпен хабарлаймыз. 21 шілдеде Тұйық-Су Альпі лагері аймағында Шағын Алматы өзенінде табиғи апат болды. Аяқ астынан жүріп өткен сел салдарынан жаяу жүргіншілерге арналған көпір қирады, су тарту жүйесі істен шықты. Соның салдарынан Шымбұлаққа су беру тоқтатылды, - делінген хабарламада.
Курорттың баспасөз қызметі лайды тазарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Біздің мамандар су қабылдағыш станцияны лай массалары мен тау жыныстарынан тазарту бойынша белсенді жұмыс жасауда. Келтірілген қолайсыздықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймыз және түсіністікпен қарағандарыңыз үшін алғыс айтамыз, - деді курорт өкілдері.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа температурасының көтерілуіне және мұздықтардың еруіне байланысты Кіші Алматы шатқалының сағасындағы су деңгейі көтеріліп, ішуге жарамсыз лас судың пайда болуына әкеп соқты.
Қазір Алматы тауларында жағдай тұрақты және Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Морена көлдерінің тасу қаупі жоқ, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, су тасқынының әсерінен 22 шілде күні түнгі сағат 00:30 шамасында Талғар бөгетінің бөрене ұстағышында жер дамбасының оң жағын су шайып кеткен. Кеше қауіпті аймақтан 150 адам эвакуацияланды.