Шығыстың шаруалары қаржылай қолдауды қажет етеді

18 Мамыр 2023, 20:45
805
Бөлісу:
Шығыстың шаруалары қаржылай қолдауды қажет етеді
Фото: Тілеубек Шаяхмет

Аграрлық несие корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев Өскеменге келіп, өңірдегі шаруалармен сала мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ШҚО-дағы BAQ.KZ тілшісі.

Марлен Нәбиевтің айтуынша, биыл елдегі шаруаларды қаржыландыруға 500 миллиард теңге бөлінсе, оның 19,8 миллиард теңгесі Шығыс Қазақстанға бағытталмақ.

Бүгінде Аграрлық несие корпорациясының ауыл шаруашылығы саласын несиелеу үлесі 76,6 пайызға жетті. Несиелік портфеліміз – 1,3 триллион теңге. Қазір 280 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушінің 31 пайызы бізден несие алғандар, – дейді Марлен Нәбиев.

Корпорация 428 инвестициялық жобаны қолдап отырса, оның бесеуі Шығыс Қазақстанға тиесілі. Жалпы, корпорация «Агробизнес», «Кең дала», «Іскер» сынды үш бағдарлама бойынша шаруаларды қаржыландырып отыр.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға күш салынғанын атаған корпорация басшысының орынбасары шаруаларға қажет қаражаттың сәуірде толық берілгенін айтты. Биыл шаруаларды 330 миллиард теңгеге қаржыландыруды жоспарлаған ұйым Шығыс Қазақстанға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 5 миллиард, «Агробизнес» бойынша 5 миллиард, ал жастардың бастамаларын несиелеуге 1 миллиард теңге бағыттауды ұйғарған. Бүгінде оның алпыс пайызы игеріліп қойды.

Өткен жылы 6 миллион теңгеге дейінгі несие қаржысына түрлі гаджеттер арқылы онлайн тапсырыс беруді бастадық. Ол тиімділігін көрсетіп, танымал болды. Биыл осы әдісті басқа бағдарламаларда сынап көреміз. Кепілзатты онлайн тіркеу қызметі де жыл соңына дейін іске қосылмақ. Алдағы уақытта шаруаларға құжат жинау, қол қою үшін аудан, облыс орталығына сабылудың қажеті болмайды, – дейді Марлен Нәбиев.

Мәселенің бірі – Самар ауданындағы несие серіктестігіне деген қажеттілік. Самарлық «Мәмбет» шаруа қожалығының басшысы Есембек Мәмбетов ауыл-аймақтағы азаматтардың несиеге тапсырыс беру үшін Абай облысына жүгінуге мәжбүр болып отырғанын айтады.

Осыған дейін Көкпекті ауданымен бірге болғанда несие серіктестігі аудан орталығы – Көкпекті ауылында болды. Жеке аудан болып шыққан соң осындай ұйым өзімізде де болса деп отырмыз. Қазір кепілдік мүлкіміз бен басқа да құжаттарды Абай облысына тапсыруға мәжбүрміз, – дейді ол.

Бүгінде құжат қабылдау жұмысының қиындауына байланысты несиелердің тоқтап қалғанын алға тартқан шаруашылық басшысы осыған дейін алынған несиелерді бұрынғы филиалға төлеп аяқтаған соң ғана өз аудандарына ауыса алатындарын айтады. Бір ғана ұйым ішінде осындай мәселенің туындағанына таңданған ол биылғы дала жұмыстары кешеуілдеп қала ма деген қаупін де жасырмады. 

Жергілікті жерде несие серіктестігін құрудың қиынға соқпайтынын атаған Марлен Нәбиев оның жұмысын жүргізе алатын адам болуы керектігін айтады.

Жиырма ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші қосылып, несие серіктестігін ашуға болады. Біздің тараптан оған еш қарсылық жоқ. Бірақ қаржы тапшылығы осыған дейін ашылған серіктестіктердің қажеттілігін әрең жауып отыр. Дей тұрғанмен жаңадан құрылған Самар ауданына несие серіктестігі қажет. Егер оның жұмысын жүргізіп кететін төраға табылса, бұл мәселенің шешілгенін қалаймын, – дейді Марлен Нәбиев.

Тағы бір мәселе – осыған дейін жеңілдетілген несиені Аграрлық несие корпорациясының филиалдары арқылы тікелей алып келген шаруалар бүгінде не себепті құжаттардың барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы өткізіле бастағанын түсінбей отыр. Қалыптасқан механизмнің бұзылуы шаруаларға қиындық туғызды, оларға төлем қабілетін енді банктердің алдында дәлелдеуге тура келеді.

Бұрын бұл істің механизмі былай болған – шаруа барып банктен кепілдік алатын, содан соң біз оған банк кепілдігіне сай несиені тікелей беретінбіз. Былтыр 140 миллиард теңгенің 10 миллиарды осы жолмен берілді. Біз аталған клиенттерден «Банкке барып, содан соң бізге келген қиындық тудырмай ма?» деп сұрадық. Сұрай келе шаруаларды ары-бері сабылтпай бар құжатты жинап, несиені бір жерден алуға мүмкіндік жасадық. Осыған дейін банктен кепілдік алып жүрген шаруаларға банк несиені кедергісіз беруге тиіс, – дейді Марлен Нәбиев.

Шаруаның басын ауыртқан тағы бір мәселе – кепілзаттың арзан бағалануы. Салдарынан несие ала алмай қалу қаупі арта түсетінін айтқан олар кепілге жылжымайтын мүлік қана емес, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған бизнестің өзін қойса дейді.

Біздің кепілзат қою саясатымыз жақсарып келеді. Мысалы, қазір бізде 100 миллион теңгеге дейін несие алса, оның 30 пайыз кепілі жылжымайтын мүлік, қалғаны алатын мал не техниканың өзі болады. Сонымен қатар биылдан бастап кепілзат ретінде алынатын ауылдағы үйлердің бағасын арттырдық. Мысалы, бұған дейін үй 3 миллион теңге тұрса, енді 6 миллион теңгеге бағаланады. Ал жұмыс істеп тұрған бизнестің өзін кепілге қою әдісін қожалықтың табысын есептеу арқылы жүргізуді қолға алып отырмыз. Дегенмен табыс бірде өсіп, бірде кемуі мүмкін, – дейді Марлен Нәбиев.

Шығыста ауыл шаруашылығының дамып жатқанын алға тартқан облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бірінші кезекте құс етін өндірудің маңызды екенін айтады. Сонымен қатар сүт фермаларын, көкөніс сақтайтын қоймаларды көбейту де күн тәртібінен түспейді.

Бізде құс етіне, сүтке сұраныс жоғары. Сондықтан құс фабрикалары мен сүт фермаларының жұмысын жандандыру керек. Біз барлық талапқа сай компанияларды таңдап, бөлінген қаражатты мақсатты бағыттауды ұйғардық. Екінші мәселе – көкөніс қоймалары. Бұл жерде басымдық егер сіз сол көкөністі өзіңіз өсірсеңіз ғана беріледі, – деді ол.

Өңір шаруаларына қолдау қаражаты ауадай қажет. Дегенмен бөлінген қаражат шаруашылықтарды түгел дамытуға жетпейді. Сол себепті бюджет қаражатынан бөлек инвестиция тарту жұмысы да қатар жүріп келеді.

Өзгелердің жаңалығы