Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында наурыз айынан бастап жұмыс кестесі өзгерді. Енді тұрғындар жұмысты таңғы 08:00-де бастап, 17:30-да аяқтайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Самар аудандарында тұрғындар үшін енді жұмыс уақыты таңғы 8-ден басталады. Ал, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген. Бұл өзгеріс өңірдің табиғи ерекшеліктеріне байланысты енгізілді. Оған себеп Шығыс Қазақстан облысының шығыс бөлігінде күн ерте шығып, ерте батады. Осыған орай, жаңа жұмыс кестесі тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының баспасөз қызметінің хабарламасында айтылды. Өңір тұрғындары да жаңалықты оң өзгеріс деп қабылдауда.
Біздің өңірде жаңа жұмыс кестесінің енгізілуі – өте дұрыс шешім деп есептеймін. Күннің ерте шығуы мен батуы тұрмыс-тіршілігімізге тікелей әсер етеді, сондықтан бұл өзгеріс көптен күткен қажеттілік болды Әсіресе, қыс мезгілінде қараңғы түспей тұрып үйге жету әлдеқайда ыңғайлы болмақ. Мұндай шешім тұрғындардың өмір сапасын жақсартатыны сөзсіз, - деді Зайсан ауданының тұрғыны Ақерке Талғарбекова.
Жаңа жұмыс тәртібін енгізбес бұрын жергілікті билік өкілдері тұрғындармен кездесулер өткізіліген. Бастама өңір халқы тарапынан бірауыздан қолдау тапқан. Бұған дейін, қаңтар айында Катонқарағай ауданы жаңа кестеге көшсе, ақпанда Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында да жаңа жұмыс кестесімен жұмыс істей бастады.
Фариза Талғатбек