Шығыста ұшу аппараттарының зауыты салынуы мүмкін

11 Тамыз 2023, 07:26
468
Бөлісу:
Шығыста ұшу аппараттарының зауыты салынуы мүмкін
Фото: baq.kz

Шығыс Қазақстанда ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары өндірілетін зауыт салынуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахмановпен өткен кездесуінде айтылды.

Айта кетейік, бүгінде кеме жасау, брондалған техника өндірісі, ІТ, радиоэлектроника мен байланыс сияқты салаларда қызмет көрсететін «Қазақстан инжиниринг» компаниясы авиация бағытында да бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі деп «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС-нің жұмысын айтуға болады. Облыс әкімдігінде өткен кездесу барысында ұлттық компания басшылығы атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Ал аймақ басшысы Шығыс Қазақстанда да дәл осындай жобаларды жүзеге асыруға болатынын жеткізді. Ол үшін облыста барлық алғышарт бар.

Өзіңіз де білетін боларсыз, Шығыс Қазақстанда еліміздегі жалғыз тікұшақ кәсіпорны орналасқан. Ондағы мамандардың кәсіби біліктілігі өте жоғары деп сеніммен айта аламын және оның өндірістік қуатын әлі де арттыруға болады. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдау білдіріп жатса, облысымызда осы салада қызмет көрсететін тағы бір ірі кәсіпорын ашуға дайынбыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Ол зауытта квадрокоптерлер мен басқа да ұшқышсыз ұшу аппараттары құрастырылатын болады. Сонымен қатар облысымызда бұл техникамен жұмыс істейтін мамандарды да даярлай аламыз, – деген облыс әкімі Ермек Көшербаев болашақта Шығыста өндірілген ұшу аппараттарын түрлі мақсаттарда пайдалануға болатынын да жеткізді.

Расымен де, қазіргі уақытта мұндай техника ауыл және орман шаруашылықтарында, төтенше жағдайлар кезінде, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстары барысында таптырмас құралға айналып барады. Оларды тіптен шекара шебі мен қалааралық автокөлік жолдарын патрульдеуде де қолдануға болады.

Сонымен қатар кездесу барысында аймақ басшысы шағын авиацияны дамыту бағытына да айрықша мән беру керектігін айтты. Бұл бағытта да жүзеге асырылуы мүмкін ауқымды жобалар бар. Соның бірі – «Ан-2» ұшақтарын жаңғыртумен айналысатын кәсіпорын ашу. Бүгінде мұндай жұмыс атқаратын өндіріс орны республикамызда жоқтың қасы.

Өзгелердің жаңалығы