Шығыста сиыр табынымен, қой қорасымен жоғалып жатыр - депутат

17 Ақпан 2021, 11:55
4346
Бөлісу:
Шығыста сиыр табынымен, қой қорасымен жоғалып жатыр - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Шығыс Қазақстандағы мал ұрлығының азаймай тұрғанын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

Шығыстағы ағайынның уәжін жеткізгелі отырмыз. Күршім, Ұлан, Қатонқарағай аудандарында былтырдан бері мал үйірімен, сиыр табынымен, қой қорасымен жоғалып жатыр. Ұрыларды ұстауда полицияда пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ. Тек осы жазда Ұлан ауданы Ақтас қыстағындағы Ержан Сәбитов деген азаматтың отбасылық шаруашылығынан қоралы қойдың жартысы және 26 бас жылқысы қолды болды. Күзге салым 11 сиыры да бір түнде ұрланған. Ұрының ізін кесіп жүргенде, қысқа маялаған 400 рулон шөбін белгісіз біреулер өртеп кеткен. Мал иелері күдіктілерді полицияға көрсетсек те тірліктерінен қайыр жоқ деп отыр, - дейді депутат.
Оның айтуынша, облыстық Полиция департаменті болса, аймақтағы мал ұрлығы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға азайды, 114 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғадық, 400 бас ірілі-ұсақты малды иелеріне қайтардық деуден әрі аспайды екен. 
Ауыл жұрты болса, полиция жұмысына қанағаттанбайды. ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, соңғы 5 жылда мал ұрлаған 11 мың қылмыскер ұсталған. Оның 1,5 мыңы ұйымдасқан топтың құрамында болған. Өзге де ашық ақпарат көздеріне мұқият мән берсеңіз, былтырғы жылдың 12 айдағы көрсеткішінде мал ұрлау ісі бойынша 2849 заң бұзу дерегі тіркелген. Сорақысы, мұндай қылмысқа 592 әйелдің қатысы бар болып шыққан, - дейді Ғазиз Құлахметов.

Депутаттың Үкімет басшысына жолдаған ұсынысы мынандай:

Мал ұрлығы болған өңірдің ауыл, аудан полиция басшыларының қызметтік жауапкершілігін арттыруды ойластыру керек;
2. Сол негізде ауыл, аудан әкімдерінің де қызметтік жауапкершілігін арттырып, қызметтерін бағалаудың жаңа индикатор-көрсеткіштерді енгізу қажет.
3. Ветеринарлық зертханалардың жұмысын жандандыру ісін жеделдету маңызды;
4. Төрт-түлікті сату-сатып алу дерегі жүргізілетін электрондық-ақпараттық база әзірлеу керек;
5. Асыл тұқымды малды ұрлау жазасын қаталдатып, жазаның қосымша түрлерін қабылдау керек.

Өзгелердің жаңалығы