Шығыста ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

5 Тамыз 2021, 10:58
3473
Бөлісу:
Шығыста ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында 100-ден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні облыс бойынша ірі инвестициялық жобалардың бірі - Бұқтырма суқоймасының үстіне салынатын көпір құрылысы. Аталмыш жоба жүзеге асқан күнде өңірдің бірнеше аймақтары үшін көліктік-логистикалық проблема шешілмек. Сондай-ақ, бұл жоба ішкі туризмнің көрсеткіштерін де арттырмақ. 

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелінде 102 жоба болса, ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша 180 жобаны іске асыру көзделген көрінеді. Олардың ішіндегі ірі жобалары ретінде Семей қаласына орнатылатын «Сергек» бейнебақылау камералары мен Глубокое кентінде түрік технологиясымен салынып жатқан жаңа жылу қазандығын атап өтуге болады. Бұл нысанды өңірді жылумен қамтамасыз ету саласын модернизациялаудың жаңа қадамы деп айтуға болады. Ал алдағы уақытта осы сияқты нысанды облыстың басқа аумақтарында салу үшін қазіргі уақытта жылу қазандығының жұмысын мамандар қадағалап отыр. Сонымен қатар өңірдің энергетика саласын жаңғыртуға бағытталған тағы бір жоба – ол Тұрғысын су электр станциясы. 

Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың қатарына Семей қаласындағы жүк тасымалдайтын көпірді қайта жаңғырту және өңірдің екі ірі қаласына айналма жол салу жобалары кіреді, - деді Даниал Ахметов. 

Сондай-ақ, инвестициялық жобалардың қатарына бүгінгі күні ірі құрылыс жұмыстары қолға алынған шекаралық аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламалары да жатады. Бұл өз кезегінде аталмыш елді мекендер тұрғындарының болашаққа деген сенімін арттырып, моральді рухын көтереді. Өйткені, бұған дейін өздерін шетте қалғандай сезініп келген ауыл тұрғындары, қазірде туған жерінде мектептер мен түрлі әлеуметтік нысандардың құрылыстары жүріп, жолдардың жөнделіп жатқанын көріп, көңілдері көтерілуде.

 

Өзгелердің жаңалығы