Шығыс Қазақстан облысында биыл ауылдар сапалы интернетке қосылады. Байланыс антеннасын орнату мүмкін емес таулы аудандарға заманауи "Starlink" жүйесі орнатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осылайша жергілікті билік өкілдері 2027 жылға дейін өңір тұрғындарын 100 пайыз ғаламтор желісімен қамтимыз деп отыр. Қазір өңірдегі 132 ауылдың тұрғындары сапасыз байланыстан қиындық көріп отыр.
Жергілікті билік өкілдері интернет мәселесін биыл шешеміз деп отыр. Яғни кем дегенде 60 ауылға интернет желісі тартылады. Алтай таулы аймағындағы Феклистовка сияқты ауылдарға антенна-діңгек станциялары орнатылады.
Қазір біз облыс орталығына шалғай 45 ауыл интернетке қосылды. Яғни әр ауылға ұялы байланыс орнатуды пысықтап жатырмыз. Бүгінде ауылдарда ұялы байланыс операторларымен лицензиялық келісімдер жүріп жатыр. Тым шалғай елді мекендерге геоспутниктер арқылу байланыс орнату көзделіп отыр, - дейді облыстық цифрландыру басқармасының бөлім басшысы Индира Баймолдаева.
2027 жылға дейін өңірде 100 мың шаршы шақырымды интернетпен қамту жоспарланған. Әсіресе халық көп шоғырланған ауылдарға басымдық беріледі. Одан бөлек, ескірген байланыс желілері жаңартылады.