Шығысқазақстандық шаруашылық бидайдың мыңдаған түрін баптап отыр

30 Шілде 2021, 18:15
3502
Бөлісу:
Шығысқазақстандық шаруашылық бидайдың мыңдаған түрін баптап отыр
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясына тиесілі егіс алқаптары биыл жайқалып тұр. Бұған бір жағынан ауа райы мүмкіндік берсе, екіншіден, дақылдың жаңа сортын шығаруға деген ғалымдардың құлшынысы септігін тигізуде.

Тәжірибе станциясында агроном ғалымдардың биыл қарабидайдың «Өскемен 1» сұрпын алғаш рет өсіріп, тәжірибеден өткізіп жатқаны жайында біз осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Жалпы, соңғы екі жыл жер емген шаруалар үшін оңай болмағаны рас. Аптап ыстықтың соңын ала келген қуаңшылық егін түсімін еселеп кемітіп жібергені белгілі. 

Дей тұрғанмен, мұндай сынақтың Тәжірибе станциясының ғалымдары үшін өзіндік пайдасы да бар. Атап айтсақ, олар осындай жағдайда дақылдың жаңа сортын табиғаттың қатаң жағдайында сынап, біздің климатқа төзімді тұқым өсіруге мүмкіндік алады.

Шығысқазақстандық шаруашылық бидайдың мыңдаған түрін баптап отыр

Өндіріс орталықтары шоғырланған Өскеменнің іргесінде орналасуы, себілген тұқымның қар астында қыстап шығуы, көктемгі қар суы, одан қалды жаздың аптабы – барлығы дақылдың жаңа сорты үшін нағыз сынақ. 

Тәжірибе станциясының Дақылдың жаңа сорттарын өсірумен айналысатын бөлімнің меңгерушісі Батташ Төлегеновтың айтуынша, мұнда арпаның, бидайдың төрт, қарақұмықтың екі, сұлы мен бұршақтың бір түрінің сорттары сұрыпталып жатқан көрінеді. Бұған қоса, мұнда майлы дақылдарға жататын сояның екі, күнбағыстың алты, жүгерінің, ақ жүгерінің үш, судан шөбінің бір түрі де өсіріліп жатыр.

Жаздық бидай өсіруді өзімнің негізгі жұмыс бағытымз деп айтуға болады. Қазіргі уақытта біздің егіс алқаптарында бидайдың 15 мыңнан астам түрін тәжірибелік сынақтан өткізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, жаздық арпа мен сұлының түрлерін де сұрыптаудан өткізудеміз. Дақылдың әр түріне арналған 10 шаршы метрлік алаңқайларды аптап ыстық пен нөсер жауынға қарамастан қолдарына кетпен ұстап күтіп-бағу осы іспен айналысатын агрономдар үшін де үлкен сынақ, - дейді Батташ Төлегенов.

Бүгінде өсіріліп отырған дақылдар өзінің климаттық жағынан төзімділігін дәлелдеп те үлгерген. Дегенмен, болашаққа болжам жасауға асықпауды жөн көрген ғалымдар әлемді жайлаған пандемия аяқталған соң осы тәжірибелерінің ел игілігіне жарайтынына сенімді. Өйткені соңғы екі жыл әлем елдерінде азық-түлік қоры мен қауіпсіздігінен маңызды мәселенің жоқ екенін көрсетті. Аталған мәселені қамтамасыз ету үшін осы саланың мықты ғылыми іргетасы болуы қажет. Ал мұндай берік іргетас Шығыста қаланып та қойған десек артық айтпаған болармыз.

Оған қоса, бізде дақыл сорттарын тәжірибеден өткізуге машықтанған республикалық мамандандырылған құрылымның аудандардағы бөлімшелері де бар. Олар жаңадан сұрыпталған дақыл түрлерін аудан аумақтарында тәжірибеден өткізумен айналысады.

Отандық тұқым алу және дақылдарды асылдандыру мәселесі соңғы жылдары еліміздің жоғарғы билігінде де көптеп айтыла бастағаны рас. Өткен жылдары қарақұмық түгесіліп, баға шарықтады. Өңірде мал шаруашылығы дамып, төрт түліктің саны артқалы бері мал азықтық дақылдарға деген сұраныс та арта түсті. Осы себепті сүрлемге жабылатын жүгеріге деген сұраныс деңгейі жоғарлады. Жаңадан салынғанн май зауыттарының саны да артуда. Бұл алдағы уақытта күнбағыс дәніне деген сұранысты еселеп арттыратыны белгілі. Демек Глубокое ауданының Опытное поле ауылында орналасқан Ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы мен онда еңбек ететін агроном мамандар үшін алдағы жылдар жемісті әрі жеңсті болатыны сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы