Шығысқазақстандық шаруалар қой етінің басым бөлігін ішкі нарыққа бағыттаған

20 Мамыр 2021, 13:35
4538
Бөлісу:
Шығысқазақстандық шаруалар қой етінің басым бөлігін ішкі нарыққа бағыттаған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы шығысқазақстандық шаруалар өңірде өндірілген қой етінің 71 пайызын ішкі нарыққа бағыттаған.   

Соңғы бір жарым жылда дүниежүзін жайлаған коронавирустық пандемия әлемдегі қой етінің экспортын еселеп азайтқаны белгілі. Дегенмен, саланың өзгерістерін өз пайдасына жаратқан шығысқазақстандық шаруалар, өзімізде өндірілген қой етінің басым бөлігін, яғни 13,6 мың тоннасын облыс тұрғындарын етпен қамтамасыз етуге бағыттап, қалған бөлігін шекара асырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ертай Қуанбаевтың айтуынша, ел Үкіметі жанында құрылған Экспорттық саясат жөніндегі кеңес республика бойынша 16 түрлі тауардың экспорттық әлеуетін арттыру туралы тапсырма берген. Оның ішінде қой етінің экспортын арттыру мәселесі де бар. Ал, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі болса, қазіргі уақытта ауылшаруашылығы жануарларын экспорттауға бағытталған квоталар көлемін бөлу туралы құжаттың жобасын әзірлеп жатқан көрінеді.

Бұл жоба шеңберінде 2021 жылдың аяғына қарай аймақтың ұсақ мал өсіріп отырған шаруашылықтары шетелдерге 355 еркек малды тірі салмақта экспорттауды жоспарлап отыр. Жалпы, өткен жылы өңірдің шопандары 59,2 мың АҚШ долларын құрайтын 9,5 тонна қой етін Иран еліне экспортқа шығарған болатын, - деді Ертай Қуанбаев.

Бүгінгі күні облысымыз қой саны бойынша Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан кейінгі төртінші орынға жайғасқан. Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында шығысқазақстандық шопандар ұсақ малдың басын 64 пайызға дейін арттырды. Аймақтағы шаруалар негізінен қазақтың құйрықты қылшық жүрді және жартылай қылшық жүнді, сонымен қатар байыс тұқымды қойларын өсіруге ден қойған. Оның себебі – аталмыш қой түрлері Алтайдың алты айға созылатын қытымыр қысына, жазының аптабына төзімді келуі. Оның үстіне қыста тебіндетуге болады. Сондай-ақ, мұндай қойлардың тағы бір ерекшелігі – олардың етті-майлы бағыттағы түлік болуы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, 1997 жылы өңірдегі қой саны біл миллионнан сәл ғана асатын мөлшерде болған. Ал биылғы жылдың бірінші сәуірінде бұл көрсеткіш 1,6 млн бастан асып жығылған. Өстіп, 23 жыл ішінде облыстағы қой саны 652 мыңға артқан. Ал, аталған көрсеткіштің өсуі бірінші кезекте мемлекеттік қолдауларға байланысты. Мысалы, соңғы уақытта өңірде қой тұқымын асылдандыруға бағытталған жұмыстар белсенді түрде жолға қойыла бастады. Атап айтсақ, бір жыл ішінде ғана облыстағы асыл тұқымды қойлардың саны 6,4 пайызға көбейіп, бүгінде 250,9 мың басты құрады. Бұл өңірдегі жалпы қой санының 18,2 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта аталған шаруашылық түріне қатысты мемлекет тарапынан субсидиялау шаралары да қарастырылған. Мысалы, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сай 2500 теңгеден бастап 150 мың теңгеге дейінгі субсидиялау түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, қой өсіру ісін алға бастыруды ойлаған шаруалар «Аграрлық кредиттік корпорация» мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымдары арқылы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары аясында жеңілдікпен берілетін несие ала алады, - дейді Ертай Қуанбаев.

Басқарма өкілінің хабарлауынша, бүгінгі таңда өңірдегі Шопан ата түлігінің 52,1 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, дара кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында ұсталса, қалған бөлігі жұртшылық қолында. Аталмыш көрсеткішті облыстың аудан, қалалары бөлінісінде қарасақ қазіргі уақытта қой малын ең көп өсіріп отырған өңір – Тарбағатай ауданы. Мұнда, облыстағы жалпы қой санының 18,2 пайызы өсірілуде. Жалпы, облыста қой өсіру шаруашылығын өрбіткен шаруашылықтар саны шамамен 800 бірліктен асып жығылады. Олардың басым бөлігі Абай, Жарма, Аягөз, Күршім, Ұлан, Үржар және Тарбағатай аудандарының аумақтарында орналасқан.

Қой шаруашылығын дамытумен қатар жүретін саланың бірі – аталған түлік түрінің жүні мен терісін өңдеу саласы. Аталған бағыт тым қатты дамып кетпесе де, кенжелеп қалған емес.

Қазіргі уақытта аудан орталықтарында қойдың терісі мен жүнін қабылдайтын пункттерді жеке тұлғалар ашқан. Жұмыс баяу жүргізілгенімен, оны тоқтап қалды деуге келмес. Мысалы, 2021 жылдың бірінші тоқсанында өңірде 128 мыңнан астам қой терісі өндірілсе, оның 38 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарына, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының еншісінде. Ал қалған 62 пайызы жұртшылық шаруашылықтарына тиесілі. Сонымен қатар, қазірде қой жүнін қабылдап, оны өңдеумен айналысатын Семей қаласындағы «Роза» және Абай ауданының аумағындағы «Дерикар» кәсіпорындары да бұл істің алға басуына өз үлестерін қосуда, - деді Ертай Қуанбаев.


Өзгелердің жаңалығы