Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылының маңында «Шығыс салбурыны – 2022» атты дәстүрлі халықаралық сайыс өтті деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Байырғы бабадан бізге жеткен аңшылық мерекелі салттың бірі – салбурын. Шығыс жұрты биылғы салбурынды халықаралық деңгейде қарсы алды.
Бұл күні Бозанбайдың аспанында қыран қалықтап, ақ ұлпа қар қапалақтап тұрды. Салбурынға орай табиғат-ана сый қылған сынды. Ақ қар, қызыл түлкі. Томағалы қыран, топталған құсбегі. Аң мен құстың арпалысынан қызық күткен халық. Томағалы қырандар тау ішінен қағушының айғайын күтіп отырғандай. Алайда ол айқайды естіп, еркін көсілмесі анық еді. Өйткені бұл – көпшілікке арналған қойылым есебіндегі құсбегілер тойы һәм сайысы.
Бүркітшілер тойы бұл өлкеде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы осы мезгілде республикалық бүркітшілер сайысы өтіп, Ұланның даласын қыранның қанатымен аластап, құсбегілердің көңілін бір көтеріп тастаған болатын. Биылғы «Қыран елім – қазағым» атты челлендж аясында ұйымдастырылған «Шығыс салбурыны-2022» сайысы ауқымы артып, халықаралық деңгейде болды.
Ұлан ауданы әкімдігі ұйымдастырған ұлы той Бозанбай ауылының бөктерінде өтті. Құсбегілер тойына орай қос киіз үй тігіліпті. Өтіп жатқан тойдың түпкі мақсаты екі жеп биге шығу десе де болатындай. Әуелгісі құсбегілік өнерді дәріптеу болса, екіншісі – түз тағыларын туризмнің тетігі ету. Иә, қазақтықты дүниежүзіне дәріптей отырып, ұлттық құндылығымызды ұлықтау арқылы табыс көзіне айналдыру. Ұлтымның ұпайы түгел болсын дейтін жергілікті жұрттың барлығының дерлік басында түлкі тымақ, үстінде оюлы шапан. Ал құсбегілердің киімі көздің жауын алады. Аң терісімен апталып, салбурынға сай бапталып тұр. Үстіде қасқыр ішік, баста пұшпақ тымақ, аяқта саптама етік, қолда тері биялай. Арқар мүйізді тұғырға қондырған томағалы қырандары тіптен айбарларын асырып тұрғандай. Шетелден келген туристер таңдана қарап, тамсанып тұр. Осы сәтте қауғышыдай саңқ етіп той жүргізушісі сахнаға шығып, салбурынның ашық екенін жариялады. Алыс-жуықтан келген қонақтардың қадамына аудан әкімі құтты болсын айтып, сәттілік тіледі.
Қыранның бабын, яғни түз тағысының тілін табу – бабаларымыздан келе жатқан дәстүріміз. Соның бір дәлелі – бүгінгі бүркітшілер тойы. Алдағы уақытта бұл шараның ауқымын кеңейтіп, тағы басқа мемлекеттерден қатысушыларды шақыруды жоспарлап отармыз. Бұл жолғы салбурынға 30 құсбегі қатысып жатыр. Алыс-жақыннан шақырған құрметті қонақтарымыз түгелдей келді. Басты мақсатымыз – ұлттық өнерді дәріптей отырып, туризмнің дамуына үлес қосу, – деді Ұлан ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы.
Осыдан кейін тойдың басталуын тағатсыздана күткен құсбегілер қырандарының томағасын сыпырып, бүркіттерін бір сілкіндіріп алды.
Айшолпанның ізін Айзере жалғамақ
Ұлан ауданы ұйымдастырған халықаралық тойға жиналған жұрттың қарасы да, дарасы да көп. Қыранын қолға алып Қырғыз елінен келген бауырластар жүр. Алтайдың күңгей бетінің қыранын қолға қондырып Қытайдан да құсбегі келіпті. Моңғолиядан арнайы шақырумен бес бүркітші құсбегілер тойына келіп жеткен. Жалпы жиыны салбурынға 28 бүркітші қыранын алып жеткен. Ал тойдың құрметті қонағы ретінде арнайы шақырумен әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы келген.
Бүгінгі тойға құрметті қонақ ретінде келгеніме қуаныштымын. Тойлардың ішіндегі төресі осы бүркіт тойы деп ойлаймын. Жалпы, Айшолпан атты ауылдың бір баласының әлемге танылуына себепкер болған осы кең даламыздың қырағы қыран құсы бүркіт болатын. Сіздерді де қанатты қыран жебеп, рухтарыңыз асқақ, көңілдеріңіз әрдайым көтеріңкі болуына тілектеспін. Бұл өлкенің халқы «Ұлан елі – қыран елі» атанып жасай берсін! – деді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Бұл тойда қырағы өнерді қызықтайтын өрелі жастар өсіп келе жатқанына көз жеткізіп қайттық. Құсбегілер сайысын қызықтауға келген жеткіншектердің қарасы көп. Сол көп жеткіншектің арасынан түз тағысымен тіл табысып, дархан даланың киесі мен иесі ретінде жортқан кәнігі құсбегілердің алдына қолына қаршығасын қондырып Айзере шықты. Қаршығасының аты – Қандыкөз. Құсбегілерден бата алып, бау ашуға келген. Бұл, бір жағы, салбурын тойы қарсаңында табиғат-анаға тағзым жасап, рұқсат сұрау рәсімі десе де болғандай.
Бүгінгі тойдың даңқы да, дақпырты да жоғары болмақ. Өйткені бұл тойға байырғы қазақ даласының түкпір-түкпірінен құсбегілер жиналып отыр. Алатаудың арғы бетінен қырғыз бауырластар, Алтайдың арғы бетінен қандас бауырлар келіп отыр. Қазақтың құсбегілік өнерін әспеттеп, қолына қыран қондырған азаматтар мен азаматшаларға рақмет! Ұлттық құндылықты асқақтатқанда ұлттың рухы көтеріледі. Бүгін шығыс жұртының көңілі көтеріліп, рухы асқақтап қайтарына мен сенемін. Бізде халықаралық «Салбурын» федерациясы бар. Федерацияның президенті Берік Уәли сіздерге дұғай сәлем жолдап, бауашар жасап жатқан бүлдіршін қызымызға сенім хаты мен сыйлығын беріп жіберді. Айналайын Айзере, қадамың құтты болып, саған Айшолпанның жолын берсін! Өркенің өссін! Қазақтың ұл-қыздары қырандай қырағы, алғыр болсын, – деді Қазақстан Республикасының «Қыран» ұлттық федерациясының вице-Президенті Бағдатхан Мүптекеқызы.
Осылайша, Бозанбайдың бөктерінде тойдағы ең кішкентай құсбегісі Айзере Марксқызының бауашары жасалып, көптің батасын алды. Қандыкөз қаршығасы қырағы болса, Айшолпанның жолын Айзеренің жалғайтыны бүркіттің көзіндей отты жанарынан байқалып тұрды.
Бабын тапқандар бәйге алды
Ит жүгіртіп, құс салу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Табиғаттың тілін, аң мен құстың аңысын білуің керек. Түз тағысын мысың басып, мінезің асып тұрса ғана қанжығаң майланбақ. Осы талапқа сай аңшылар салбурынға жиналыпты.
Құсбегілер сайысы бүркітті қолға шақырудан басталды. Бүркітшілер қырандарын тау бөктерінен құлдилата жіберді. Қырандардың бірі көк аспанды айнала ұшып кері қайтса, енді бірі жер бауырлай қонды. Тек бабы келгендер ғана иесінің қолына келіп қонды. Келесі кезекте шырға тарту басталды. Осы тұста ғана жиналған жұрт сайыстың қызығын сезіне бастағандай болды. Қиқуға айғай қосып, әлсін-әлсін қол соғып тұрды. Қырандардың көбі дерлік шырғаны дөп басты. Десе де, кейбір бүркіттер межелі уақыттан кейін келіп қонды. Оның барлығын төрешілер ережеге сай есепке алып отырды. Ал салбурынның қызығы келесі кезеңде қыза түсті. Қырандарды қоянға салу басталған тұста жұрт күлкіге де, қызыққа да қарқ болды. Қар көрмеген үй қояндарының кейбірі бұғып жатып алса, кейбірі адамдарға қарай қашып әуреге салды. Ал бұғып қалған қояндарға түскісі келмеген бүркіттер шыр айналып иесінің қолына барып қонды. Соған қарағанда түз тағысы «дайын асқа тік қасық» болуды намыс көре ме деп қалдық. Әлде таза тағылықпен аңға түсуді аңсайтын шығар. Осылай жалғасқан салбурын сайысы түлкіге түсумен аяқталды. Биыл ұйымдастырушылар даланың жабайы түлкісін дайындап қойыпты. Сайыстың соңғы кезеңі аңшылықтың салтына сай келгендей болды. Дәл жырдағыдай: «Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» деп келетін суретті көріністі көпшілік көзбен көріп, жанымен сезінді. Аудан төрінде осындай дүбірлі тойдың өтуіне мұрындық болып жүрген ақын Нұртай Тілеужанұлы еңбегіне елі риза болды.
Қазақтың дәстүрі, ұлттық ойыны, ұлттық спорты барлығы да табиғатпен үйлесім тапқан. Мысалы, қазақтың аңшылық дәстүрі де шеберлікті, алғырлықты, қырағылықты, ептілікті, төзімділікті талап етеді. Сол бір қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау мақсатынды бүркітшілер тойын ұйымдастырып отырмыз. Сол үшін де биыл Айшолпанды арнайы шақырдық. Біздің бүлдіршіндер жақсыға қарап бой түзесін, ой түзесін деген мақсат. Былтыр өткен той биыл жалғасын тауып, дәстүрлі үрдіске айналып отыр. Келер жылы бұдан да жоғары деңгейде өтуіне атсалысамыз. Бүгін, міне, ауылымыздың аспанын қыранның қанатымен аласталып, бүркіттің саңқылын естіп, рухтанып қалдық, – дейді Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, өнер жанашыры Нұртай Тілеужанұлы.
Осылайша, ақжылма қардың бетінде сайран салған салбурын сайысы кеш бата аяқталды. Алматылық Сейтжан Ашоктың бүркіті бірінші орынды қанжығаласа, екінші орынды тағы да алматылық Баетбай Ермұхан еншіледі. Ал үшінші орынға ақмолалық Алмас Қасымовтың қыраны ие болды.
Қолға қыран қондырған соң салбурыннан қалғанымыз жарамас деп Алатауды асып кеп қалдық. Бұл Қазақстанға бірінші рет келуім емес, осыған дейін де бірнеше рет келгенмін. Тұғырға қыран қондырғаныма 10 жыл болды. Бұл жолғы сайысқа Шағылған атты қыранымды баптап келдім. Шиебөрі, түлкі, қарсақ, тағы да басқа аңдарды алған қыран. Бүгін Алтайдың аспанында бағын сынамақ, – дейді Қырғыз елінен келген бүркітші Салават Айбекұлы.
Күн ұясына құлап, көлеңке басы ұзарған тұста тазылар жарысқа шықты. Арнайы жасалған алаңда жарыс салған тазылардан тұлпардың тұяғының дүбірі естілмесе де, өзіндік қызығымен елді баурап алды. Жарыста оқ бойы озып шыққан шығысқазақстандық Мансұр Қанатбекұлының тазысы топ жарды. Тағы бір шығысқазақстандық итбегі Адал Оразайдың тазысы екінші болып мәреге жетті. Ал үшінші орынды аягөздік Жандос Озатұлының тазысы иеленді.
Күн арқан бойы көтеріле тау бөктеріне жеткен жұрт күннің ұясына қашан құлағанын байқамай да қалды. Тұлпардың тұяғының дүбірімен рухтанып, бүркіттің саңқылына құлақ құрышын қандырған ел салбурын соңында қимай тарқасты. Ал бүркітінің бабын тапқандар бәйгелі болып, қанжығалары майланды.