ШҚО-дағы бір ауданда диқандар егіс көлемін 300 мың гектардан асыруды көздеп отыр

25 Мамыр 2021, 14:25
1557
Бөлісу:
ШҚО-дағы бір ауданда диқандар егіс көлемін 300 мың гектардан асыруды көздеп отыр

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл облыстың ең астықты өңірлерінің бірі Бородулиха ауданында 325,2 мың гектар аумаққа егіс егіледі.

Биылдан бастап аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің деректері негізінде 2021 жылға арналған егіс алқаптарының құрамын алдын ала анықтауды бастады.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, аудандағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 325,2 мың гектарды құрайды. Оның 284,6 мың гектары - жазғы егіс. Көктемгі дән себу жұмыстарының нәтижесі мен ауылдық округтер әкімдерінің есептеріне сәйкес, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі - 139,6, күздік егіс - 9,7, май дақылдары - 135,2, мал азықтық дақылдар 40,7 мың гектарды құрайды, - дейді Бородулиха аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Маратбек Нұрекешов.

Бөлім басшысының хабарлауынша, биыл отырғызылатын дәнді-дақылдардың ішінде ең көп егілетіні жаздық бидай болса, май дақылдарының ішінде күнбағысқа ерекше мән берілген. Анықтап айтсақ, биыл аудан шаруалары 129 мың гектар алқапқа осы дақыл түрін отырғызуды жоспарлап отыр.

Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары қазіргі уақытта 210 мың гектар аумақта ылғал жабу жұмыстарын жүргізсе, 40 мың гектар алқапта көктемгі жер жырту жұмыстарын ұйымдастырған. Сондай-ақ, 325 мың гектар алқапта себу алдындағы культивациялау қолға алынған.

Аудан аумағындағы көктемгі егіс науқанын өткізу үшін тракторларымыз да, топырақ өйдейтін және себетін техникаларымыз да жеткілікті. Қазіргі уақытта қажетті дайындық және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл аталған іске 1276 дана шынжыр табанды және дөңгелекті техника, сондай-ақ, 2146 агрегат жұмылдырылса, оның түрлі ендікті қамтитын 428 тіркемесі ылғал жабуға арналады. Бұдан бөлек, көктемгі егіс науқанында 485 дана түрлі модельдегі соқалар, 679 культиватор мен сыдыра жыртқыш құрылғылар, 50 дана себу кешендері мен 878 тұқым сепкіш қолданылуда, – дейді Маратбек Нұрекешов.

Бұған қоса, биылғы көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу мақсатында квотаға сәйкес облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауданға 6370 тонна дизель отынын бөлген. Оның 455 тоннасын наурыз айында, 1950 тоннасын сәуірде, 2470 тоннасын мамыр айында, ал 1495 тоннасын маусым айында бөлу жоспарланған.

Сәуір айында 395,6 тонна, мамырда 1750,7 тонна дизель отынын алсақ, 2265,8 тоннасын алдағы маусым айында алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта ауданға дизель отынын жеткізуші оператор болып бекітілген «Шығыс Мұнай Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанармайдың әр литрін 167 теңгеден жеткізуде. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан тапсырыстар қабылданып жатыр, - деп қосты Маратбек Нұрекешов.

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, барлық жоспарланған іс-шараларды сәтті әрі уақытылы іске асыру үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер себілетін материалдарға қажетті тексеру жұмыстарын жүргізіп, себу жұмыстарын тек 1-ші және 2-ші репродукциядағы кемелденген тұқымдармен ғана жүргізулері керек көрінеді. Сонымен қатар, олар жеңілдетілген тәртіпте берілетін дизель отынын уақытында алып, ақысын төлеулері қажет. Жоспарды орындау мақсатында көзделген алқаптардың барлығында себу жұмыстарын ұйымдастырулары керек. Аталған жұмыстарды барлығы орындалған кезде ғана көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік туады.


Өзгелердің жаңалығы