Шығысқазақстандық жас ғалымның жобасы гранттық қаржыға ие болды

30 Сәуір 2020, 15:45
1918
Бөлісу:
Шығысқазақстандық жас ғалымның жобасы гранттық қаржыға ие болды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық жас ғалымның жобасы 125 жобаның ішіндегі үздігі деп танылды.

С. Аманжолов атындағы  ШҚМУ-дың Ұжымдық пайдалану ұлттық ғылыми зертханасының "Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы зертханасының" меңгерушісі Максим Сутуланың ғылыми жобасы еліміздің Білім және ғылым министрінің грантына ие болды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарына антивирустық резистенттілік беруге бағытталған инновациялық  технологияларды әзірлеу және енгізу бағытында ғылыми жұмыс әзірлеген жас ғалымның жобасы осылайша үздік деп танылды.

Ұлттық ғылыми кеңес зерттеуді жоғары бағалады. Дауыс беру нәтижесі бойынша 61,5 миллион теңге толық көлемде қаржыландыру мақұлданды. Жоба ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарына молекулалық биология мен биотехнологияның жаңа әдістерінің көмегімен вирустық инфекцияларға тұрақтылық беруге арналған. Басқаша айтқанда, бұл вирусты ДНҚ, РНҚ тану мен жоюға арналған қорғаудың табиғи тетіктерін бағдарламалау. Бұл РНҚ-технология өсімдіктерге ғана емес, жануарларға да, тіпті адамға да қолданылады, - деді Максим Сутула.
Сондай-ақ, ол жобаның ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Зерттеу нәтижелері мен әзірленген технология университетте өндірілген сұрыптарда қолданылатын болады. Осылайша, университет базасында өсірілген "таврия", "восточный-1" және "изольда" картоп сұрыптары вирусты жұқпаларға төзімді әрі Шығыс Қазақстанның климаттық жағдайына бейім болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы зертханасы жергілікті географиялық жағдайларға бейімделген, жоғары өнімді, картоп сорттарының генофондын құрумен, бірегей, элиталық және репродуктивті тұқым шаруашылығы өндірісімен, ШҚО эндемиялық және дәрілік өсімдіктерді сақтау және қайта өндіру жүйесінде және көптеген басқа да салаларда қолдану үшін өсімдіктердің оқшауланған ұлпалары мәдениетінің әдістерін әзірлеумен және жетілдірумен айналысады.

Болашақта зертхана биология саласындағы инновациялық ғылыми бағыттар бойынша озық және серпінді зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ Еуропа, АҚШ және басқа елдердің жетекші халықаралық зертханаларында біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы