Аса ірі мөлшерде марихуана сатқаны үшін 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шу аудандық соты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін кінәлі деп танылған Қордай ауданының төрт тұрғынына қатысты айыптау үкімін шығарды.
Тергеу барысында 53,6 кг марихуана тәркіленді. Сотталушылар бұған дейін де осындай ауыр қылмыстар үшін сотталған болып шықты. Олар өз кінәларын мойындамағанына қарамастан, мемлекеттік айыптаушы әрқайсысының қылмысқа қатысын және рөлін толық дәлелдеп шықты.
Қылмыстың қайталануын және бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, сот оларға 7 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.