Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шу қаласының тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді, де хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Айта кетейік, биылғы жыл басынан бері өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен 600-ден аса кездесуі өтсе, оның 28-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.
Басқосуда Шу қаласының жақында ғана сайланған әкімі Елдос Нұралиев есеп беріп, өзекті мәселелерге де тоқталды.
45 447 тұрғыны бар қала 8 массивке бөлінген.
Елдос Нұралиевтің айтуынша, облыс әкімінің қолдауымен қаланың 2023 жылғы бюджеті 938,0 млн. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өскен.
Бүгінде қаланың негізгі өзекті мәселелерінің бірі «Қант зауыты», «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» тұрғын алқаптарын таза ауыз сумен қамту болып отыр.
Бүгінде қала тұрғындарына «Темір жол су Алматы» ЖШС және «Ауыз су» КМК қызмет көрсетеді. Мұндағы 9406 ауланың 6 978-і ауыз суға қосылған.
«Қант зауыты» мөлтек ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2022 ж құрылыс жұмыстары басталған. Нысан 2023 ж. қараша айында пайдалануға беріледі. Ал қалған «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» мөлтек аудандарына аудандық бюджеттен ЖСҚ дайындауға 24,0 млн қаржы қарастырылып, құжаттамалар әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру үшін құжаттар 2024 жылдың Республикалық бюджетін нақтылауға ұсынылатын болады.
Сондай-ақ бүгінгі күнге қаланың кәріз жүйесінің 86 пайызының тозығы жеткендігі айтылды. Кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғырту үшін ЖСҚ әзірленіп, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығына келісімге жолданған.
Бұдан бөлек, көппәтерлі үйлерді газға қосу, жолдарды жөндеу, электр желілерінің тозуы, қосалқы станцияны іске қосу мәселелерін шешу жолдары да сараланды.
Өз кезегінде тұрғындар да көкейлерінде жүрген көптеген өзекті сауалдарын жолдады.
Облыс әкімі сұраққа облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауап берді.
Өздеріңізге білетіндей қалада көптеген мәселелер қордаланып қалған. Ол мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар атқарылады. Ол үшін үш жылдық жоспар да әзірлеген. Облыстан қолдау болады. Биылдың өзінде қаланың бюджетін үш есеге арттырып отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, - деді Нұржан Нұржігітов.
Кездесуден кейін аймақ басшысы бірқатар шулықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.