Шри-Ланкадағы шулы іс: Экс-президенттің жұбайы мен ұлы қамауда отыр

Шри-Ланкадағы танымал саяси әулеттің басына қара бұлт үйірілді.

8 Қазан 2026, 13:54
АВТОР
 AP Photo 8 Қазан 2026, 13:54
8 Қазан 2026, 13:54
223
Фото: AP Photo

Шри-Ланканың саясаттағы ең танымал отбасыларының екі мүшесі қамауда отыр. Бұрынғы бірінші ханым Ширанти Раджапакса медициналық жабдыққа арналған қайырымдама қаржысына қатысты іс бойынша ұсталды, ал оның ұлы, парламент депутаты Намал Раджапакса парақорлық ісі бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап. 

Бұрынғы президент Махинда Раджапаксаның жұбайы Ширанти Раджапаксадан полиция әуелі үйінде жауап алды. Содан кейін оны сотқа жеткізді, сот тергеу жұмыстары жүріп жатқан уақытта бұрынғы бірінші ханымды бір аптаға қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Іс Раджапаксаның қайырымдылық қоры мемлекеттік банктен алған ақшаға қатысты болып отыр. Бұл қаражат мемлекеттік ауруханаға медициналық сканер сатып алуға арналған еді. Тергеу ақшаның басқа мақсатқа жұмсалған деп есептейді.

Осы іс бойынша бұрынғы банк басшысы да ұсталған болатын. Ол қорға қаражат аудару кезінде рәсімдерді бұзды деген күдікке ілініп отыр. Кейінірек сот оны кепілдікпен босатты.

Сот отырысынан кейінгі кадрларда Ширанти Раджапаксаның жақында жасалған отадан кейін бір көзіне таңғыш салынғаны байқалды. Оны соттан конвоймен түрмеге жеткізді.

Бұрынғы президенттің ұлы Намал Раджапакса да қамауда отыр. Оған парақорлық жасады деген айып тағылған.

Онжылдықтар бойы үлкен саясатта болған отбасы

Махинда Раджапакса 26 жылға созылған азамат соғысы аяқталған кезеңде Шри-Ланканы басқарды. 2009 жылы үкімет күштері «Тамил-Илам азаттық жолбарыстары» тобын тас-талқан етті.

2010 жылы қайта сайланғаннан кейін, сыбайлас жемқорлық пен азаматтық бостандықтарды шектеді деген айыптаулардың аясында Раджапаксының позициялары әлсірей бастады. 2015 жылы ол президент сайлауында жеңіліп қалды.

Кейінірек отбасы билікке қайта оралды. 2019 жылы Махинданың інісі Готабая Раджапакса президент болды.

Оның президенттігі ауыр экономикалық дағдарыс пен жаппай наразылықтар аясында аяқталды. 2022 жылы Готабая отставкаға кетіп, елден қашып шықты.

Қазіргі президент Анура Кумара Диссанаяке 2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламамен және бұрынғы билік өкілдерінің ықтимал заң бұзушылықтарын тергеу уәдесімен билікке келді.

Наверх