Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде жастар арасындағы алкоголизм мен нашақорлықты жою бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының облыстық филиалы өкілдері хабарлады.
«Бүгінде есірткіге тәуелділік мәселесі әлемдік қоғамдастықтағы өзекті проблемалардың бірі. Әсіресе жастар арасында есірткі заттарды қолдану жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Жастардың көбі синтетикалық есірткілерден бөлек бұрыннан танымал қарасора және тағы басқа есірткі түрлерін пайдаланып жатады. Өкінішке орай, жастардың бір бөлігі психобелсенді заттарды қолдануға бейім. Бүгінде облыс бойынша дәрігер-наркологтардың бақылауында тұрған 14 - 28 жас аралығындағы жастардың ішінде барлық психобелсенді заттарды пайдаланатындар саны 2186 адам болса, оның 27-сі – 0-ден 14 жасқа дейінгі балалар, ал 190-ы – 15-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер», - деді облыстық Психоневрологиялық диспансердің психиатр дәрігері Зоя Казачек.
Маманның айтуынша, психикалық белсенді заттарды қолданудағы басты себептер жеке тұлғаның спиртті немесе есірткі заттарын қабылдау арқылы ерекше сезім іздеуі, жасөспірімнің психикалық бұзылуы, психопатия, яғни жасөспірім тұлғасының дисгармониялық қалыптасуына алып келетін және оның қоғамға бейімделуін бұзатын дұрыс емес мінез-құлық, темекі шегу, алкоголь қабылдау, жүкті әйелдің дәрілік заттарды дұрыс қолданбауы, балада болатын бас сүйек-ми жарақаттары, сондай-ақ тәрбиенің жеткіліксіздігі көрінеді.
«Бұл жерде тәрбие факторлары да аз рөл ойнамайды. Мысалы бала жақсы отбасында тәрбиеленсе оның бойында рухани-адамгершілік ұстанымы қалыптасады. Бұдан бөлек жасөспірімге әлеуметтік себептер де әсер етуі мүмкін. Атап айтсақ, алкоголь мен есірткі қабылдаудың басталуына жасөспірімдер тобы да әсер етеді. Жасөспірімдік кезеңде жастарға бөтен әсерге деген бейімділік тән, ал тәуекел тобындағы жасөспірімдерге теріс ықпал тез әсер етеді. Осы ретте жастар мен кәмелетке толмағандардың психикалық белсенді заттарды қолдануының алдын алу үшін олардың бос уақытын қатаң назарда ұстау, психобелсенді заттарды қолданатын жерлерді бақылауға алу, аула клубтарына, спорт секцияларына деген қызығушылықтарын оятып, жұмыспен қамту, сондай-ақ білім беру мекемелерінде оқушылар мен ата-аналар үшін «денсаулық мектебін» ұйымдастыру, өскелең ұрпаққа адамгершілік тәрбие беруде отбасының жауапкершілігін арттыру сияқты жұмыстарды жүргізу керек», - деп қосты ол.
Қоса кетсек, алдын алу бағдарламаларын іске асыру халықтың негізгі әлеуметтік індеттерге, бірінші кезекте психобелсенді заттарды қолдануға қарсы психологиялық тұрақтылығын арттырады және тұрғындардың наркологиялық көмекке жүгіну көрсеткішін, сондай-ақ тексеру мен емдеуге кететін шығындарын елеулі түрде азайтатын көрінеді.