ШҚО-ның 18 ауылында медициналық пункт ашылады

20 Қазан 2023, 20:46
681
Бөлісу:
ШҚО-ның 18 ауылында медициналық пункт ашылады
Фото: BAQ.KZ - архив

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық қанатқақты жобасы аясында 2023-2024 жылдары өңірде 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесін ашу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 18 нысанның құрылысы биыл басталады. Бұл туралы Altaynews.kz жазды.

Атап айтсақ, Глубокое ауданында біреу (Прапорщиков), Ұлан (Сарыөзек, Желдіөзек, Макеевка, Отрадное, Казачье ауылдары) және Күршім ауданында (Маралды, Жолнұсқау, Аманат, Ақжайлау, Ұранхай) бестен, Тарбағатай ауданында (Қазақстан, Шолақорда, Ақмектеп, Жаңаталап, Ахметбұлақ, Шорға) алты, Шемонаиха ауданында (Межовка) бір медицина мекемесі салынып жатыр. Қалған 18 нысанның құрылысы келер жылы қолға алынады.

Биыл аталған нысандардың іргетасы толық қаланды, қабырғалары тұрғызылды, шатыр, электромонтаж, қасбеттік жұмыстар орындалды. Қазір енді ішкі әрлеу, пандустар мен төсемдерді, қоршауларды орнату, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов.

Жаңа медициналық ғимараттарда күндізгі стационар, емшара, егу және акушерлік кабинеттер болады. Алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері ауысымына 25 адамды қабылдай алады.

Жаңадан ашылатын барлық медициналық мекемелер ауылда сапалы қызмет көрсету үшін қажетті жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталады. Бұл ауыл халқының денсаулығын нығайтуға, уақтылы профилактикалық сауықтыру жұмыстарына және скринингтік тексерулер жүргізуге ықпал етеді. 

Ауылдарда денсаулық сақтау саласын жаңғырту медициналық инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді, осылайша тұрғындар аудан орталығына немесе қалаға бармай-ақ сапалы медициналық көмек ала алады. Жобаны іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындарына инфаркт, инсульт, жарақат алу және басқа да жағдайлар кезінде уақыт жоғалтпай, шұғыл медициналық көмек көрсетілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы