ШҚО-да улы газды анықтайтын жеті мыңнан астам қондырғы орнатылған

3 Ақпан 2022, 19:44
1851
Бөлісу:
ШҚО-да улы газды анықтайтын жеті мыңнан астам қондырғы орнатылған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бес жылда облыстағы тұрғын үйлерге пештен шыққан улы газды анықтайтын жеті мыңнан астам қондырғы орнатылған. 

 Жылыту масымы басталған кезде пештен шығатын улы газдан иіс тию қаупінің де артатыны белгілі. Мұндай оқиғалар көп жағдайда жылыту жүйесін өрт қауіпсіздігін сақтамай қолдану кезінде орын алатыны рас.

Өрт пен иіс тию оқиғалары көбінесе саяжайлар аумақтарында болып жатады. Құтқарушылардың айтуынша, мұның басты себебі – тұрғындардың саяжай үйлерін қыста тұратын баспанаға лайықтап алғанымен, өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамауында жатқан көрінеді. Осының салдарынан, биылғы жылыту маусымының өзінде иіс тиюден жеті адам бақилық болған. Улы газбен уланып, тірі қалған 30 адам болса, оның 17-сі балалар. Олардың көпшілігі жоғарыда айтып өткен саяжай аумақтарының тұрғындары болып келеді.

«Улы газдың таралуы көп жағдайда пеш қабырғасының жарылуынан, мұржаның бітелуінен, мұржа жапқыштың жабық тұруынан болып жатады. Биылғы жылыту маусымында орын алған осындай жағдайлардың тең жарымы мұржаның бітелуімен байланысты», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дмитрий Титов.

Өрт қауіпсіздігінің сақталуын қамтамасыз ету және иіс тиюді болдырмау мақсатында Азаматтық қорғаныс қызметкерлері күн сайын жеке тұрғын аймақтарды аралап отырады. Бүгінгі күні құтқарушылар 315 мың жеке тұрғын үйді тексеріп, олардың 81 мыңында өрт қауіпсіздігі шараларының сақталмауына байланысты бұзушылықтарды анықтаған.

«Біз халықтың әлеуметтік жағынан азқамтылған санаттарына ерекше көңіл бөлеміз. Шығыс Қазақстан аумағында мұндай санаттағы отбасылар тұратын сегіз мыңнан астам жеке тұрғынүй бар. Оларда көпбалалы, азқамтылған отбасылар, жалғызбасты адамдар мен атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар тұрып жатыр. Біз төрт мыңға жуық үйді тексеріп, жылыту пешін, электр желілерін, электр құрылғыларын қолдануға, эвакуациялау жолдарына, өртке қарсы арақашықтықты сақтамауға байланысты бірқатар бұзушылықтарды анықтадық», - деп қосты Дмитрий Титов. 

Анықталған бұзушылықтар бойынша жергілікті әкімдіктерге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен прокуратура органдарына көмекке мұқтаж азаматтардың мекенжайлары көрсетілген хаттар жолданған.

Адам өлімін болдырмауға улы газды анықтайтын құрылғы көп көмегін тигізеді. «Казцинк» компаниясымен екі арада жасалған меморандумға сәйкес Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары аталмыш құрылғыларды пеш жағатын көпбалалы және азқамтылған отбасылардың үйлеріне орнатуда. Дмитрий Титовтың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша осындай 13 мыңнан астам құрылғы орнатылса, оның жеті мыңнан астамы улы газды, алты мыңға жуығы табиғи газды, ал 30-ы түтінді анықтайтын құрылғылар екен.

 

Өзгелердің жаңалығы