Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы облыстық әкімдіктің теңгеріміне өткен Алакөл және Бұқтырма суқоймасы жағажайларындағы екі демалыс базасы алдағы уақытта мүгедек балаларды сауықтыратын шипажайларға айналуы мүмкін. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің отырысы барысында айтылды.
«Өткен жылы Полиция департаментіне қарасты екі демалыс базасын әкімдіктің теңгеріміне алған болатынбыз. Оның бірі Алакөл, енді бірі Бұқтырма суқоймасының жағасында орналасқан. Енді осы демалыс базаларын кәдеге жаратуымыз керек. Осы себепті Білім және Денсаулық сақтау басқармалары бірлесіп жұмыс жүргізіңіздер. Әсіресе Алакөл жағасындағы демалыс базасын церебральді сал дертімен, тері ауруларымен ауыратын балаларды емдейтін және демалдыратын база етіп қайта жасау керек», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Әкімдіктің келесі отырысына дейін аталған мәселені қарастырып, мәслихат сессиясында бюджетін бекітуді тапсырған өңір басшысы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын назардан тыс қалдырмауды баса айтты.
«Алакөл жағасындағы демалыс базасын сырқаты бар балаларға арнасақ, Бұқтырма суқоймасы жағасындағы екінші база барлық балалардың демалуына мүмкіндік беруі қажет», - деп қосты өңір басшысы.