ШҚО-да май өнімдерінің үлесін арттыру жұмыстары жүргізілуде

29 Қаңтар 2022, 13:14
2657
Бөлісу:
ШҚО-да май өнімдерінің үлесін арттыру жұмыстары жүргізілуде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста май дақылдары өнімдерінің экспорттық үлесін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқын алды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында өсімдік майын өндірумен айналысатын 17 кәсіпорын бар көрінеді. Ал олардың май өндіру қуаты жылына 814 мың тоннаны құрайды. Өткен жылы өңірде 226,4 мың тонна өсімдік майы өндірілген. 

Облыс өсімдік майын өндіру бойынша елімізде бірінші орын алады. Өңірдегі кәсіпорындар республика бойынша өндірілетін өсімдік майының 64,1 пайызын өндіреді. Бұл өз кезегінде өзіміздегі осы тауар түріне деген қажеттілікті 10 еседен артық көлемде жапса, республикалық деңгейде 80 пайыз қажеттілікті жабады, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Ербол Қуанышев.

Өткен жылы облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындары рафинатталмаған өсімдік майының өндіру көлемін 162 мың тоннаға жеткізсе, рафинатталған майдың өндіру мөлшері 64 мың тоннадан асып жығылған. Қазіргі уақытта өңірде тазартылған өсімдік майын өндірумен Өскемен қаласындағы екі, Шемонайха ауданындағы бір кәсіпорын айналысады. 

Отандық өнім үлесін ұлғайтады

Естеріңізде болса, біз бұған дейін өңірде май дақылдары өнімдері мөлшерін өсіру бағытында бірнеше қайта өңдеу зауытының ашылатыны, сондай-ақ, май дақылдары шикізаты өңделетін бір кәсіпорынды ұлғайту жоспарланғаны жайында хабарлаған болатынбыз.

Атап айтсақ, өткен жылы, Семейде қуаты бір жылда 300 000 тонна мультидақыл өңдейтін «Qazaq-Astyq GROUP» кәсіпорны ашылған болатын. Аталған зауыт бір тәулікте мың тонна күнбағыстың, 800 тонна рапс пен зығырдың дәндерін сығып отыруы жоспарланған. Ал биыл бірінші жартыжылдықта кәсіпорынға бір тәулікте 500 тонна күнбағыс жеткізіліп тұратын болады. Осылайша, межелі жоспардың 50 пайызы қамтамасыз етіліп отырмақ. 

Бұдан бөлек, Глубокое ауданындағы Предгорное ауылының аумағында «Altyn Шығыс» кәсіпорнының демеуімен жыл көлемінде  300 000 тонна мультидақылды қайта өңдеуге бағытталған кешен құрылысы жүргізілмек. Бір тәулікте 1000 тонна күнбағыс, 550 тонна рапс, 500 тонна соя өңдеуге қауқары бар автоматты кешен биылғы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

Қажеттіліктің 80 пайызын жабады

Жалпы, қазірде облыстағы май дақылдарын өңдейтін кәсіпорындардың қуаттылығы жылына 233 мың тоннаны құрайды. Жыл сайын облыс аумағында майлы дақылдардың 79 пайызы өңделеді. Ал, жаңадан іске қосылатын қайта өңдеу кешендері бұл көрсеткішті өзгертіп, отандық өнімнің сапасы мен үлесін одан ары арттырады деген сенім бар. 

Өйткені, бүгінде еліміздегі өсімдік майына деген қажеттіліктің 80 пайызын қамтамасыз етіп отырған Шығыс Қазақстан күнбағыс дақылын өсіретін ірі өңірдің бірі саналғанымен, дүкен сөрелеріне жеткізілетін тауардың бұл түрінің 20 пайызы әлі де болса импортты тауар болып саналады. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы басқармасы тазартылған өсімдік майының бар-жоғы 0,03 пайызының ғана Алматы өңірі мен Ресей Федерациясынан импортталатынын айтады. 

Статистикалық дерекке сүйенсек, рафинатталған майдың бір литрінің бағасы 701 теңге. Бұл республикалық деңгеймен салыстырғанда 12,2 пайызға төмен. Ал, өсімдік майының бағасын халыққа қолжетімді деңгейде ұстап тұру үшін «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Айналым схемасы» тетігі шеңберінде облыстық тұрақтандыру қорына 2100 тонна күнбағыс майы алынды. Қазіргі уақытта аталмыш корпорацияның павильондарында күнбағыс майының әр литрі 630 теңгеден сатылуда, – дейді Ербол Қуанышев. 

Экспорттық әлеуетті арттырады

Бүгінде облыстағы май өнімдерін дайындаумен айналысатын кәсіпорындар шикізатпен тұрақты түрде қаматамасыз етіліп отыр. Осыған орай, облыс аумағында өсіріліп жатқан май дақылдарының көлемін өсіруді мақсат еткен арнайы бағдарлама әзірленді. Яғни, өңірде күнбағыс өсірілетін алқаптарды жүз мың гектарға арттыруға бағытталған жоспар құрылды.  

Бұған дейін жүргізген талдау жұмыстары барысында облыста жылда отырғызылатын егістіктердегі күнбағыстың үлесі 33, ал кей аумақтарда 45 пайызға дейін жететіні анықталған. Сондықтан, өңір шаруалары егістіктерді аз мөлшерде ғана, атап айтсақ, 20,7 мың гектар аумаққа ғана өсіре алады. Өстіп, биыл аталмыш көрсеткіш 481,8, ал келесі жылы 505,9 мың гектарға өседі деп межеленген.

Бұл өз кезегінде, отандық өнімнің көлемін арттырумен қатар, өңірдің экспорттық әлеуетін де артырары сөзсіз. Қазірде шығысқазақстандық кәсіпорындар шикізатпен қатар дайын өнімді де экспорттап отыр. Мысалы, өткен жылы өсімдік майы өнімдерінің 21 пайызы, немесе 46 мың тоннасы экспортқа шығарылып, негізінен Қытайға, Өзбекстан, Иран, Ресей елдері мен республикамыздың басқа өңірлеріне жөнелтілген.

 

Өзгелердің жаңалығы