Шығыс Қазақстанда ескі туристік көпір жөнделеді. Оны жөндеуге өңір кәсіпкерлері көмек көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Altainews.kz-ке сілтеме жасап.
Еліміздің шығысында биыл түскен қалың қарға шыдас бермей Катонқарағай ұлттық паркіндегі Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір қирап қалғаны белгілі. Осы көпір арқылы Мұзтаудың етегіне баратын жаяу туристік маршруттар өтеді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәжілісінде аймақ басшысы Ермек Көшербаев аталған көпір өңірдің көрікті жерлерінің бірі екенін атап өтті. Ол аймақтың танымал туристік аймақтарының бірінде орналасқан, сондықтан қалпына келтіруді қажет етеді.
Көпір шекара қызметінің балансында. Кәсіпкерлермен бірлесіп, оны жөндеуге мүмкіндік табу керек, - деп атап өтті Ермек Көшербаев.
Облыс әкімінің айтуынша, кейін де мұндай жағдай туындамас үшін көпірді жөндегеннен кейін оның жай-күйін, әсіресе қыс мезгілінде қадағалап отыру қажет.