Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ШҚО-да арнайы техникамен заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды

22 Мамыр 2025, 22:58
627
Бөлісу:
 Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында арнайы техниканы пайдалана отырып, заңсыз алтын өндіру фактісі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ШҚО Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері өңір аудандарының бірінде топ болып әрекет еткен азаматтардың бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіріп келгенін анықтады.

Заңсыз әрекеттерді дәлелдеу мақсатында жедел уәкілдер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын пайдаланып, рұқсатсыз жүргізілген жер жұмыстарының нақты орнын тіркеді. Жедел іс-шара барысында құқық бұзушылық орнында алты адам ұсталды.

Тергеу әрекеттері кезінде бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жерасты ресурстарына келтірілген залал көлемін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.

Полиция департаменті бұл тәрізді заңсыз әрекеттердің тек мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар өңірдің табиғи экожүйесіне – жер бедері, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне елеулі зиян келтіретінін атап өтті.

ШҚО Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, кез келген күмәнді немесе заңсыз әрекет байқалған жағдайда «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.

Өзгелердің жаңалығы