Шығыс Қазақстан облысында 93 мыңнан астам бала жазғы лагерьге барады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ШҚО Білім басқармасының мәліметінше, өңір бойынша жаз кезінде тіл, спорт, туристік, өлкетану және іскерлік лагерьлер жұмыс істейді. Жалпы саны 93 мыңнан астам бала лагерьге бармақ.
Лагерьлер ішінде 19-ы қала сыртында, 195-і мектеп жанында және 204-і мамандандырылған мекеме. Онда балалар мен жасөспірімдер клубтары жұмыс істеп, білім беру, ойын-сауық, шеберлік сыныптары және басқа да шаралар өткізіледі, - делінген ақпаратта.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары түгелдей тегін жазғы демалыспен қамтылады.
Сондай-ақ биыл алғаш рет «Қонақжай отбасы» атты пилоттық жоба қолға алынып отыр. Соның аясында балалар ауылға барып, тілдік ортаға енеді. Ол үшін Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдары таңдап алынған, - делінген хабарламада.