Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есеп беру жиынында халықты баспанамен қамту мәселесі айтылды. Мәлім болғандай, алдағы үш жылда 1 млн шаршы метр, яғни 165 көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі, деп жазды Алтайньюс.
Биылғы жоспар бойынша 77 үй (645 мың шаршы метр) салынуы керек болса, қазір соның 16-сына (79,4 мың шаршы метр) тұрғындар қоныстанып үлгерген. Аймақ басшысының айтуынша, инженерлік жүйелер мен үйлердің құрылысына 32,6 млрд теңге бөлініп, ол қаражат толықтай дерлік игерілген.
"Жылдың екінші жартысы басталып келеді. Осы уақыт мерзімінде қала, аудан әкімдеріне 433 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруін тапсырамын. Сондай-ақ, келер жылдың жоспарындағы үйлердің құрылысына да кірісу керек. Бұған қоса, өңірлердің басшыларына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның тиімділігі мен коммерциялық үй құрылыстарының аумағы мен үлесін арттыруды тапсырамын", - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, Өскемен мен Семейдегі көпбалалы аналарға тұрғын үйден бір-бір пәтер берілуі керектігі айтылды. Аймақ басшысы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 2%-дық жеңілдетілген несиемен іске асырылуы қажет екендігін айтты.