Қазақстанның туризм саласы – түбі тесік шелек сияқты, оны дамытамыз деп ондаған жыл бюджеттен ақша құйып келеміз, бірақ елге келетін туристер саны көңіл көншітпейді. Бұл проблеманы жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Президент Алакөлдің жағалауы туристерді қабылдауға дайын емесін, аймақта инфрақұрылымның дамымағанын айтып, мәселеге үкіметтің назарын аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алакөл Абай облысының ең танымал әрі маңызды туристік орындарының бірі болса, Катонқарағай – Шығыс Қазақстан облысының визит картасына айналған туристік аймақ. Ал Марқакөл, Алтай, Төсқайың, Бұғымүйіздің табиғаты турист тартатындай өз алдына зор әлеуетке ие. Сондықтан болар, "Устинка" сайтының жазуынша, Президент ескертуінен кейін Алакөлдегі қателіктер Шығыс өңірінде де қайталанбас үшін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Туризм басқармасының басшылығымен кездесіп, өңірдегі туристік ахуал туралы сұрапты. Басқарма басшылығы “бәрі ойдағыдай” деп есеп берген.
Алайда, әлеуметтік желі қолданушыларының, яғни ШҚО-ға барған қарапайым туристердің сөзі басқа болып шықты. Катонды “екінші Швейцария” деп мақтағанда алдымызға жан салмаймыз. Алайда, сол табиғаттың кереметін жай ғана көзбен көріп қайту үшін туристер көп кедергіден өтуге мәжбүр болады екен.
Катонның жолы турист жүретіндей деңгейге жетпей жатыр. Оның үстіне шетелден келіп жатқандар бар. Қарапайым өзімізбен шектесіп жатқан Ресей мен Қытайдың жолымен салыстырсақ, оларға жуық арада жете қоюымыз екіталай, - дейді Өскемен қаласында тұратын Катонқарағай тумасы Мерей Қайнарұлы.

Ол "Өскемен – Алтай – Катонқарағай" тасжолына жөндеу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Катонқарағайда әуежайдың құрылысының басталуы жолдың одан ары бүлінуіне әсер еткенін жеткізді.
Мысалы, әуежай құрылысы басталды. Бір жақсылығы бар да, бір жамандығы бар. Әуежайдың құрылысын салып бастағанмен жолды бүлдірді. Ол бүлдірген жолды жөндегендей болды. Десе де, қырық жамау жол, - деді ол.
Еңбек демалысында Шығысқа барып-қайтқан Астана тұрғыны Абай Отар да әлеуметтік желідегі парақшасында Катонқарағай жолдарын сынады.

Өскеменде екі күн түнеген соң Катонқарағайға жол тарттық. Құдай басқа салмасын, жол дегенің аты ғана. Шұрық-тесік. Осиновка асуынан өтетін серпантин жолмен жүрдік. “Жол жақсарып қалған” дейді сондағылар. Қайдам, жақсы жолы анау болса... Катонда Топқайыңға екі күн түнедік. Бұл жақта да жол деген үлкен мәселе екен. Мойындау керек, біраз жерінде жақсы жол бар. Бірақ жаман жолы қатты есімде қалды. Бәлкім, рөлде отырғаннан кейін шығар, - деп жазды ол.
Айта кетейік, "Өскемен – Алтай – Катонқарағай" бағытындағы жолдың 56 шақырымындағы Осинов асуынан өтетін серпантин – жол-көлік апаттары орын алатын қауіпті аймақ. Мерей Қайнарұлының айтуынша, асуды жанай өтетін төте жол құрылысы әлі аяқталмаған.
Серпантинді өтпей, тура кететін жол салынып жатыр. Ол біткен жағдайда бір жарты сағатқа жол қысқарады. Себебі серпантинге айналған кезде 20-30 минут уақыт алады. Жолды қысқартып қана қоймайды, төте жолда қауіпсіздік жағы да бар, - деді ол.
Катонға "Өскемен–Алтай–Катонқарағай" тасжолынан бөлек, былтырдан бастап "Өскемен–Тарғын–Самар" тасжолы арқылы да баруға болады. Жол ұзарады, бірақ жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша бұл бағытта шұрық-тесіктер аз. Самар ауылынан кейін Катонқарағайға былтыр ашылған Күршім көпірімен өтіп, Свинчатка ауылы арқылы немесе биыл ашылған Васильев паром өткелі арқылы баруға болады.
Бір жақсысы Катонқарағайға баратын паром өзіміздің Васильев өткеліне оралды. Ол да туристер үшін қызықты маршрут. Содан кейін көпір салынды. Катонқарағайға көпірмен де баруға болады. Ол жақтың жолы да жақсы. Бірақ паромнан өткеннен кейінгі Үлкен Нарынға дейінгі 25 шақырым асфальт болғанымен, жолдың асты ойнап кеткен. Ал ел паромға асығады. Паромға асыққаннан кейін жолсыз жолда қауіп бар. Сол үшін, егер паром жүріп тұратын болса, сол 25 шақырымды да міндетті түрде мінсіз деңгейге жеткізіп жөндеу керек, - деді Мерей Қайнарұлы.
Ол Васильев өткелінен Үлкен Нарынға дейінгі жол төбеден түсіргенде мінсіз көрінгенмен, іс жүзінде толқып кеткен, шұрық-тесігі бар, жамау-жамау жол екенін айтты.
Ол жерді дронмен түсіріп көргенмін ғой. Төбеден түсірсең әдемі, асфальт болып жатқан мінсіз жол сияқты. Ал жерге түсіп, жүріп көрсең, жол толқып кеткен ғой. Арасында шұрық-тесігі бар. Кейбір жерлерін жамау жасаған болған, жамауы шодырайып-шодырайып шығып жатыр, - деді Өскемен тұрғыны.
Мерей Қайнарұлы Самар мен Сарыбелдің арасындағы жол жөнделіп басталғанын атады. Алайда Сарыбелдің өзі туристік жер болғанына қарамастан, Сарыбелден кейінгі жолға жөндеу жетпеген.
Содан кейін Рахманға жол керек. Берел ауылынан Берел музейіне жол басталған. Ол жол да аяқталған жоқ. Сондай маңызды нысандар бар да, соған жол жасай алмаймыз. Туристерді қабылдап ап, қарапайым шай беретін жер жасай алмаймыз. Сол жағы кемшін болып тұр, - деді ол.
Берелден өткеннен кейінгі жолдың жағдайын Абай Отар да жазбасында айтып кеткен.
Берелден өткен соң біраз жүрсеңіз, жаман жол басталады. Жаман жол дегеннің өзі мақтау шығар. Кәдімгі тау арасындағы тасты, ирелеңдеген жол. Бір жақсысы, Жетурым (ред. – көлігім) жерге қаратпады. 1760 метрлік тауға қиналмай шықты. Қайтарда Васильев өткелін пароммен өтіп қайттым. Жол жаман демесеңіз, табиғат деген сұмдық керемет. Қарасаң көз тоймайды екен. Бір сәтке өзімді Швейцарияда кетіп бара жатқандай сезініп едім, қотыр жолда шошаң ете қалған көлігім Қазақстанда екенімді еске түсірді, - деп жазды ол.
Абай Отардың айтуынша, туризмді дамыту үшін әуелі оған қажетті инфрақұрылымды салу қажет.
Мысалы, Шығыстағы Марқакөл де туристік нысанға айналмақ. Алайда облыс тұрғындары Марқакөлдің жолдарына күрделі жөндеу керек екенін, салыстырмалы түрде Катонқарағай жолдары Марқакөлден жақсырақ екенін айтады.
Биыл туған жері Марқакөлге қыдырып барған Астана тұрғыны Самал Алманова Марқакөлден ары қарай асфальт жол жоқ екенін жеткізді.

Марқакөл жолы жақсы деп айта алмаймын. Аудан орталығынан шыға сала топырақ қара жолға түсесіз. Біраз уақыт шаң жұтуға тура келеді. Егер жаңбыр жауса жол тіптен қиындайды. Өйткені балшық аралас топырақ көлік дөңгелігіне жабысып, жүрісті тіптен баяулатады. Таудағы “мрамор жол” да тура солай. Төсқайың, Бұғымүйіз, Шанағаты ауылдары арасындағы жол да осындай. "Қара күзде, ерте көктемде бұл жаққа жету өте қиын" дейді жергілікті тұрғындар, - деді Самал Алманова.
