Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысында биыл 88 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, оның ішінде 30 нысан 2023 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толық бейімделген.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2027 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.
Жобада қол жетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуі тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023-2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 10 444 нысан бейімделді.
Шығыс Қазақстан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1348 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға бейімдеуге жоспарланған 270 нысанның 88-інде бейімдеу іс-шараларын жүргізді.
Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында 30 нысанның толық бейімделгені расталды.
Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:
- мемлекеттік мекемелер – 3 (жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері);
- әлеуметтік сала объектілері – 1 (аудандық аумақтық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы)
- денсаулық сақтау нысандары – 2 (аурухана – 1, отбасылық дәрігерлік амбулатория – 1);
- білім беру нысандары – 17 (мектептер);
- спорт нысандары – 2 (спорт мектебі – 1, спорт кешені – 1);
- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де нысандары – 5 («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы – 1, дүкен – 1, пошта – 1, кафе – 1, «Amanat» партиясының филиалы – 1).
58 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі заңнама талаптарының 96 бұзушылығы анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 4, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 32, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 35, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 25.
Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 182 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау аясында Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 52 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 17-сі жоспардан тыс тексеру және 35- і профилактикалық бақылау.
Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 42 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 672 мың теңгеге 3 әкімшілік айыппұл салынды.
Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.