Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

27 Желтоқсан 2023, 12:30
1782
Бөлісу:
Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

2023 жыл жақсы жаңалықтарымен ғана емес, жағымсыз, қайғылы оқиғаларымен де халықтың есінде қалары сөзсіз. Себебі биыл елімізде бірнеше апат болып, қара жамылған кездер болды. 2023 жылы адам өмірін алып кеткен апаттарды BAQ.KZ тілшісі шолып шықты.

АМТ-дан Qarmet-ке дейін: 46 адамның өмірін жалмаған апат

28 қазанда «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алды. Қазақстан халқы 29 қазанда шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқандарды аза тұтты.

Жақында ғана Үкімет «Арселор МитталТеміртау» компаниясын шетелдік инвестордан сатып алып, қазақстандық инвесторға тапсырды. «АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы Allur Group компаниялар тобы болды. Бұл келісім Қазақстан Үкіметіне 286 миллион долларға шықты.

Компания «Qarmet» деген атауға өзгертілді.

«Казахстанская» шахтасындағы апат

«Казахстанская» шахтасындағы апат та елдің есінде.

17 тамыз күні сағат 10:05-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тау-кен өндіру дирекциясының «Казахстанская» шахтасында D6 көмір баурайында конвейер лентасы өртенді. Салдарынан шахтадағы 227 адамның 222-сі эвакуацияланып, 5 адам қайтыс болды.

Семейдегі өрт

8 маусымда «Семей орманы» аумағында алапат өрт болып, салдарынан 14 адам көз жұмды. Оның аумағы 60 мың гектарға дейін жеткен еді.

Өртке байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Бұл Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өрт болды.

Кейін Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесті. Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

Фото: Ақорда 

«Семей орманы» аумағындағы қайғылы оқиғаға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.

Ресми ақпарат бойынша, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Соның оннан бірін өрт шарпып, 200 адам Семей қаласындағы жатақханаларды паналауға мәжбүр болды.

Автобус жүргізіп бара жатқан шопырды жолаушы ұрып, есінен тандырды

22 желтоқсанда сағат 18:15-те Алматыда №47 автобустың жолаушысы жанжал салдарынан шопыр әйелді ұрып, есінен тандырды. Сөйтіп жүргізуші көлікті басқара алмай қалады. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты.

Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

Фото: BAQ.KZ

Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді. Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Бұл дерек ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды.

Жүргізушісіз автобус 5 адамды қағып кетті

8 сәуірде Шымкент қаласында автобус жүргізушісі аялдамаға жетпей, автобусты тоқтатқан. Содан кейін автобустың қол тежегішін тартып қоймай, одан түсіп кеткен. Жүргізуші сол жердегі дәмхананың дәретханасына кірген.

Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

Фото: Скрин 

Жүргізушісіз кетіп қалған автобус өздігінен қозғалып, Байтереков пен Назарбеков көшесінің қиылысының қарсы бағытындағы бағдаршамның алдында тұрған 6 жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Апат салдарынан 5 адам қаза тапты.

Автобус жүргізушісі өз кінәсін толық мойындады. Сот жүргізушіні Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға, бас бостандығынан 5 жылға айырды.

9 адам тірідей өртеніп кетті

Шілде айында Түркістан облысында жантүршігерлік жол апатынан 10 адам мерт болды. Бәйдібек ауданында жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысып, 9 адам тірідей өртеніп кеткен. Тағы бір ауыр жарақат алған науқас ота кезінде көз жұмды. 14 адам ауыр жарақат алды.

Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

Фото: Скрин

Ірі жол апаты Бәйдібек ауданындағы Екпінді мен Шаян ауылдарының арасындағы жолда таңғы сағат 09:00-де болған. Тар жолда Nissan жеңіл көлігі қарсы бағытқа шығып, Созақ ауданынан келе жатқан жолаушылар толы шағын автобусқа бетпе-бет соғылған.

Өрт: Аягөзде төрт баланың денесі табылды

Қазан айында Абай облысы Аягөз қаласында жеке үйлердің бірінен өрт шығып, құтқарушылар төрт баланың денесін тапты.

Балалардың әкесі жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Анасы үй шаруасында екен. Сол күні сүт сатып, дүкеннен азық-түлік алу үшін үйден шығып кеткен. Осы аралықта үйден өрт шығып, 4 баланың өмірін жалмады. Балалардың үлкені 8 жаста. Одан кейінгілері 6, 4, 2 жаста болды.

Хостелдегі өрт

30 қарашада Алматыда хостелдердің бірінде өрт болып, оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың тоғызы қазақстандық, қалғаны шетелдіктер.

Шопырды ұрған жолаушы, шахтадағы апат: 2023 жылдың тарихындағы ірі апаттар

Фото: BAQ.KZ

Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және қаза тапқандардың денесін тасымалдауға көмектесті.

Өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болған. Ол банктердің біріне тиесілі болған. Банк оны кепіл-мүлік ретінде жалға берген. Жалпы хостелде 72 адам тұрып жатқан. 59 адам сыртқа шығып үлгерген. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Олимпиадаға бара жатқан мұғалім мен оқушылар өлімі

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында таксиге мінген 5 оқушы мен 1 мұғалім жол апатына ұшырады. Toyota Alphard машинасы жүк көлігіне соғылған. Құрылыс елді мекенінің маңында көлік қарсы бетке шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан 15 және 16 жастағы екі оқушы мен 25 жастағы мектеп директорының орынбасары сол жерде жан тапсырды. Олар аудан орталығына пәндік олимпиадаға қатысуға бара жатқан. Жарақат алған 2007 және 2008 жылдары туған қыздар мен 2008 жылы туған ұл бала Ырғыз ауылына жеткізілді. Олар бастарынан ауыр соққы алды.

Өзгелердің жаңалығы