Ертіс өңірінде қысқы мал азығын әзірлеу кезеңінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Өрт сөндірушілер шөп шабу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының аға инженері Мейрам Көшеншірековтің айтуынша, қысқы мал азығын дайындау кезінде шабындық жерлерде өрт оқиғалары жиілей түседі. Мәселен, жуырда Павлодар ауданында найзағай жарқылы салдарынан үш мың тюк қызыл жалынға оранып, шөп жанып кетті. Оқыс оқиға шөп тасымалы кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау барысында орын алды. Бұл дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында мыңнан астам рейдтік шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша тексерістер жүргізілді. Нәтижесінде қағидаларды елемеген 200-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 600 мың теңгенің айыппұлы салынды. Профилактикалық шаралар барысында шабындық жерлерде көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзған 34 жеке тұлға да жауапқа тартылды, - дейді Мейрам Көшеншіреков.
Айта кетейік, қауіпсіздік талаптарына сәйкес тұрғын үйлердің учаскелерінде жем-шөп ғимараттарға дейін кемінде 15 метр қашықтықта алшақ орналасу қажет. Сонымен қатар шабындықтың аумағы периметрі бойынша қоршаумен қоршалып, жер білігімен оралуы тиіс. Ал маяларды орналастыруға арналған алаң периметрі бойынша кемінде төрт метрлік жолақпен жыртылуы қажет. Шөп шабуға немесе мал азығын тасымалдауға жұмылдырылған техника құралдарында да ақаулар болмаған жөн.
Мамандардың мәліметінше, осы күнге дейін облыс аумағында 32 өрт тіркелген.