ШҚО полицейлері жарты тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі

2 Маусым 2021, 13:44
10462
Бөлісу:
ШҚО полицейлері жарты тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында «Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы басталды.

Жыл сайын 1 маусымнан бастап бүкіл республика аумағында «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Іс-шараның негізгі мақсаты есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы фактілерін анықтау, республиканың оңтүстік өңірлерінің аумақтарында өсетін жабайы сораны заңсыз жеткізу арналарының жолын кесу.

Бұл жаз-күз мезгілінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер, атап айтқанда «тетрогидроканнабинол», яғни марихуана, гашиш жасалынған қарасора өсіп-өнетін уақыт.

Операцияны жүргізудің тағы бір мақсаты ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабына сәйкес жабайы сораны жоюға бағытталған шараларды қабылдамау фактілерін анықтау.

Оңтүстік өңірлерден жабайы өсетін сораны және басқа да психотроптық, есірткі заттарын шығару арналарын жабу үшін ШҚО аумағында 4 жедел-мобильді топ құрылды. Жыл басынан бері ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 638 кг түрлі есірткі заттарын тәркіледі. Бес ай көлемінде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 120 факт анықталды, оның ішінде 91-і сату мақсатында екені анықталды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

«Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы 30 қазанға дейін жалғасады.


Өзгелердің жаңалығы