Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазсушар» РМК мен оның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы ШҚО Күршім ауданының фермерлеріне суармалы су беру мәселесін шешу үшін өз тараптарынан барлық қажетті шараларды қабылдады.
Суармалы алқаптарға суармалы су берілмегені және бөгетті жөндеуге қаржы бөлінбегендігі аймақтағы егіннің қурауына әкеп соққаны жайлы БАҚ-та жарияланғаннан кейін кәсіпорын бұл ақпаратты жоққа шығарып, аталған мәселе бойынша ресми ақпарат ұсынды.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың маусым айының басында «Жауғашты» каналының бас ғимаратының алдында пайда болған кептеліс салдарынан Күршім өзеніндегі ағынды бағыттаушы бөгеттің 30 метрге жуық габиондық торы жырылып кеткен болатын. Нәтижесінде, «Жауғашты» каналындағы су деңгейі 10 текше метрден 0,5 текше метрге дейін төмендеп, осы каналдан су алатын шаруа қожалықтарының суармалы жерлерінде су тапшылығы орын алды.
«Қазсушар» РМК-ның мәлімдеуінше, ағынды бағыттаушы бөгет кәсіпорынның да, филиалдың да теңгерімінде емес. Алайда, «Жауғашты» каналы арқылы су беру үшін бөгетті жөндеуден өткізу қажет. Жөндеу жұмыстарын кәсіпорын бастап та кетті және жақын арада аяқталады.
Бұған дейін каналдағы апаттық жағдайға байланысты жедел түрде «Қазсушар» РМК мен аудан әкімдігі өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылған болатын. Нәтижесінде Күршім өзеніндегі су бұратын арнаны үйінділерден тазарту және ағынды бағыттаушы бөгетті ішінара жабу туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыстар шынжыр табанды экскаватордың, сондай-ақ тиегіштің көмегімен қысқа мерзімде орындалды. Бұл су деңгейін 4,5 текше метрге дейін арттыруға және шаруа қожалықтарына су беруді жалғастыруға мүмкіндік берді,- деп хабарлайды «Қазсушар» РМК.
Сонымен қатар, «Жауғашты» каналы арқылы су беру қызметін алуға келісімшарт жасасқан шаруашылықтарға су беру кестесі құрылды. «Қазсушар» РМК-ның деректері бойынша, 2021 жылы осы канал бойынша 1872,5 гектар суармалы жерге 73 келісімшарт жасалды. Бүгінде 4242,112 мың теңге сомасына 5738,788 мың текше метр су берілді.
Осылайша, «Қазсушар» РМК филиалы келісімшарттар бойынша су беруді толық көлемде іске асырды, бұл шаруа қожалықтары қол қойған орындалған жұмыстар актілерімен расталады. Осылайша, «Қазсушар» РМК баспасөз қызметі БАҚ-та жарияланған видеода сөз сөйлеген Күршім ауданының тұрғыны Серік Сагелдиновпен 2021 жылы су беруге келісімшарт жасалмағанын атап өтті.
Сонымен қатар, кәсіпорынның хабарлауынша, биылғы жылдың 9 тамызында ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д.Б. Бекмағамбетовтың басшылығымен және Күршім ауданының әкімдігі, прокуратурасы, «Қазсушар» РМК-ның қатысуымен өткен көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша биылғы жылы жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Одан кейін аудандық әкімдікке құрылысты коммуналдық меншікке қабылдау, кейіннен оны республикалық меншікке беру тапсырылды.
«Қазсушар» РМК филиалының мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізуге ҚҚС-сыз 3 226,863 мың теңгеге смета жасады. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК филиалы сметаға сәйкес ағынды бағыттаушы бөгетті жөндеу бойынша жұмыстарды бастады. Бұл жұмыстар қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарлануда.