Шығыc Қaзaқcтaн oблыcы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бюджет қаражаты қайта нақтыланды.
«2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасындағы өзгерістерге сәйкес, облыс бюджетін нақтылау туралы мәселе облыстық қоғамдық кеңесте қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың хабарлауынша, облыстық бюджет параметрлерінің нақтылануына бағдарлама аясында орын алған өзгерістер, сондай-ақ мемлекеттік құнды қағаздар шығару есебінен кредиттік баспана салуға байланысты қосымша жобалар тізілімінің келісілуі негіз болған.
«2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облысқа мемлекеттік құнды қағаздар шығару есебінен 44 инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға 17,1 млрд теңге мөлшерінде лимит қарастырылған болатын. Ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы алтыншы мамырдағы хаттамасына сәйкес, мемлекеттік құнды қағаздар шығару есебінен көзделген қаржыландыру 9,5 млрд теңгеге қысқарып, нәтижесінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру 7 644,5 млн теңгені құрады, – дейді Сәуле Ұлақова.
Жалпы, аталмыш жобалар аясында Өскемен құрылыс колледжі мен Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне тоғыз қабатты екі жатақхана, Семейдің Степной кентінде 300 орындық орта білім ордасын, Аягөздегі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа жапсарлас ғимарат, Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылына, Семей қаласына қарасты Қайнар ауылына, Алтай ауданының Серебрянка қаласына денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу қарастырылған. Сондай-ақ су бұрғыш канал жүргізу арқылы Алакөл жағалауын құрғату, Ертістің Семей қаласы аумағына қарасты Полковничий, Смычка, Затон, Мирный аралдарының тұстарын беріктендіру сияқты жұмыстар жүргізіліп, Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнының РК-3 нысанын қайта жаңғыртудан өткізу көзделген.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жалпы сомасы 4,7 млрд теңгені құрайтын бағалы қағаздар шығару есебінен кредиттік баспана салуға байланысты қосымша жобалардың тізілімі еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісілді. Қосымша бөлінген қаражат Өскемен, Семей және Аягөз қалаларындағы жалпы аумағы 99,4 мың шаршы метрді құрайтын 22 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге бағытталады, – дейді Сәуле Ұлақова.
Бұдан бөлек, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаражаттары басым бағыттар бойынша қайта бөлінді. Аталған қаражат аясында өңірдегі медициналық мекемелердегі радиолог мамандарға ауруханалар мен емханалардағы рентген кескіндерін кедергісіз алуға мүмкіндік беретін PACS жүйесін қосу, Ұлан ауданының Бестерек ауылында археологиялық музей кешенін, Семейде мүгедектерге арнап 150 орындық оңалту орталығын салу жобалары жүзеге асады. Бұған қоса, Бесқарағай ауылында жеке инвесторлар салған үйлерді сатып алудың екінші кезеңі бойынша төрт қоспәтерлі тұрғын үй сатып алынып, 100 млн теңге мөлшеріндегі қаражат Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамытуға байланысты берген тапсырмасына сәйкес, шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бойынша жұмсалмақ.