ШҚО әкімі мейрамхана басшыларына қатаң талап қойды

13 Тамыз 2021, 14:09
5931
Бөлісу:
ШҚО әкімі мейрамхана басшыларына қатаң талап қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында мейрамханалардың жұмысына қойылатын жаңа талаптар белгіленді. 

Аймақ әкімі ресторан басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Онда Даниал Ахметов бұған дейін мейрамханаларға санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтап, «Ashyq» жүйесіне қосылу арқылы жұмыс істеуге рұқсат берілгенін еске салды. Мына қиын уақытта бизнесті қолдау үшін осындай шешім шыққан еді. Алайда, көп ұзамай кәсіпкерлер клиенттерін арнайы қосымша арқылы тексеруді тоқтатты. Облыстың «Қызыл» аймаққа өткенін елемей, жұртқа жүйені қалай алдап, айналып өтуге болатынын ашық айта бастады.

Бұл селқостыққа енді жол жоқ. Біздің облыс COVID-19 індетінің таралуына байланысты «қызыл» аймаққа кірді. Вирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Осыған байланысты және жаңадан жұқтыру жағдайларының алдын алу үшін мейрамханалардың жанына пост қоюға тура келді. Бүгін рестораторлармен кездескенде не жауапкершілікпен жұмыс істейсіңдер, не мүлдем жұмысты тоқтатасыңдар деп мәселені төтесінен қойдым, - деді облыс басшысы.

Аймақ әкімі ресторандар жұмыстарын жалғастырулары үшін қатаң түрде «Ashyq» жүйесі арқылы жұмыс істеп, келген қонақтардың мәртебесін шын тексерулері тиіс екенін тағы ескертті. Сондай-ақ олар клиенттердің эпидемиологиялық жағдайын тексеру үшін қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға міндетті, мерекелік іс-шара өткізетіндері жөнінде екі тәулік бұрын әкімдіктерге ескертіп, міндеттеме алулары керек.

Біз осылай ғана науқас адаммен байланыста болғандардың санын нақтылай аламыз. Карантин талаптарын бұзса және мейрамханаларға келген қонақтардың жаппай вирус жұқтырғаны анықталса, ең қатаң шара қолданылады, - деді Ахметов.
Кеңес қорытындысы бойынша меморандум дайындау жөнінде шешім қабылданды. Оған жұмысты жалғастырғысы келетін және қоғам алдында жауап беруге дайынмын деген ресторан қожайындары қол қояды.
Өзгелердің жаңалығы