Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы бойынша биыл 3000-нан аса мүмкіндігі шектеулі жан санаторийлар мен курорттарға емделуге жіберіледі. Алайда жыл аяғына дейін олардың саны азаюы мүмкін.
Өйткені тегін берілген жолдамадан бас тартып, есесіне оны қаражатқа алмастырғысы келетіндер көп екен. Әлеуметтік мамандар мұндай болған жағдайда жолдама үкіметке кері қайтарылатынын айтады. Өткен жылы мұндай тегін жолдама 2800 адамға берілсе, олардың 500-і бас тартқан.
«Мүгедек жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек көп. Күні бүгінге көзі көрмейтін мүмкіндігі шектеулі адамдарға тифлотехникалық құралдар 1000-ның үстінде алынды. Құлағы естімейтін мүгедектерге және арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі адамдарға 1500-нан астам кресло-арбалар алынды. Ал шипажайға жолдама тек мүмкіндігі шектеулі азаматқа беріледі, ал олардың көмекшілеріне берілмейді. Сонымен қатар, тек жолдама беріледі, ал жолақысы төленбейді. Айта кетейік, курорттар мен санаторийлерде тегін ем-дом алғысы келетін мүгедек жандар тиісті өтініш пен құжатты қалалық және аудандық жұмыспен қамту бөлімдеріне тапсырса болады», - дейді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарым Әлфия Төреғалиева.
Бүгінде облыс бойынша 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Ал оның үш жарым мыңға жуығы – балалар.