Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардан жасаған үндеуінде айтты.
Мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауда. Алғашқы медициналық көмек нығайтылуда. Халыққа үйде медициналық қызмет көрсету үшін 400 әмбебап мобильді бригада құрылды. Шілде айының соңына дейін олардың саны 3,5 мыңға дейін жеткізілетін болады, - деді ол.
Президент сонымен қатар, ауруханалардағы орындарды көбейту бойынша жұмыстың басталғанын айтты.
Менің тапсырмамнан кейін коронавируспен ауырып жатқан науқастарға арналған төсек-орын саны 70%-ға артып, 43 мыңға жетті. Бұл жұмысқа әскери дәрігерлер де белсенді тартылған. Қарулы Күштер ресурстарының арқасында 500-ден астам төсек-орын жасақталды. Вирус ерекше өршіген жерлерде далалық госпитальдар құрылатын болады. Қордағы медицина қызметкерлерін тарту және қайта даярлау қарқынды жүргізілуде. Тестілеуге қолжетімділікті арттыру үшін жұмыс істеп тұрған зертханалар толық жарақтандырылады, қосымша 20 ПТР-анализаторлар сатып алынуда. ПТР-тестілеу үшін 8 мобильді орталық құрылуда. Осының барлығы тест санын тәулігіне 40 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Тоқаев.