Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Биыл шілде айында Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаймыз. Сондай-ақ инфляция мен инвестициялар мәселелері көтерілетін болады, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-министр ведомство мен өңір басшыларына осы отырысқа дайындалуды тапсырды.
Барлық министр мен әкімдер осы отырысқа дайындалуы керек. Алты айдың қорытындысын біз үш жаңа облысты қоса отырып 20 өңір бойынша жасаймыз, - деді Үкімет басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 4 айда сыртқы сауда айналымы 50%-ға жуық өскенін, осылайша, көрсеткіш 39,7 млрд доллар болғанын айтқан болатын. Министрдің айтуынша, биыл қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ға өсіп, 39,7 млрд доллар болды. Оның ішінде, экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ға өсіп, 26,5 млрд долларға дейін жетті.
Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 32%-ға артып, 7,3 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 13,2 млрд доллар болған.