Шетелге заңсыз кеткен ақшаны Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар ма?

16 Ақпан 2022, 12:19
3443
Бөлісу:
Шетелге заңсыз кеткен ақшаны Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік бар ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов шетелге кеткен капиталды елге қайтаруға мүмкіндік бар екенін айтты.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров ел Президенті шетелге заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару жөнінде нақты тапсырма бергенін атап өтті. Осыған байланысты депутат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа бірнеше сұрақ қойды.

Халқымыз осы мәселе бойынша нақты және жылдам нәтижені күтіп отыр. Бұл заңда қандай нақты тетіктер бар? Қандай құзырлы шетелдік органдармен жұмыс істеп жатырсыздар? Сондай-ақ заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін? Осы бойынша нақты нәтижелерді қашан көре аламыз? – деп сұрақ қойды Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін біз тек қылмыстық процестерді ғана қарадық. Яғни қылмыстық іс қозғалып, оған құқықтық көмек берілуі үшін тапсырма беру керек. Ол үшін екі жақпен құқықтыұ келісім болуы қажет. Мысалы, санкция жасап, сұраныс жібереміз. Кейін олар азаматтың мүлкін тексеріп, оған сұраныс аясында шектеу қоюы керек. Заңсыз, қылмыс жолымен алынған ақшаға нақты дәлелдер келтіріп, оны дәлелдесек, онда ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар. Заң қабылданған негізсіз баю келіп жатқан қаражаттың тікелей көзін түсіндіре алмаса, онда заңға сілтеме жасап, активтерді қайтара аламыз, - деп жауап берді Марат Ахметжанов депутаттың сауалына.

Айтуынша, қазіргі күні Бас прокуратураның бастамасымен жұмыс топтары (шетелге кеткен капиталды елге қайтару бойынша – ред.) құрылды. Оның өкілетті органы – Қаржы мониторингі агенттігі.

68 мемлекетпен құқықтық көмек көрсетуге екі жақты шарт бар. Оның ішінде, Конвенция бар. Бұл мемлекеттердің қойып отырған басты шарты – табылған мүлкі, қаражаты болса, оны қайдан алғанын дәлелдеу. Осы ретте біз «қаржылық тергеумен» барсақ, онда қаржыны тергеу басталады. Қаржылық тергеудің мерзімі жоқ. Ақша табылғанша және қайтарылғанша тергеу жүргізіледі. Сондықтан бұл бағытта көп жұмыс жасалып жатыр, - деп атап өтті агенттік төрағасы.

Ахметжанов шетелдік құқықтық ұйымдармен коррупция бойынша ақпаратпен алмасуға қатысты байланыс барын айтты.

ГРЕКО сияқты ұйымдардың Қазақстанға қойған талаптырын орындайтын болсақ, біз тікелей коррупцияға қарсы қылмыстық қудалау Конвенциясының мүшесі бола аламыз. Оған мүше болсақ, бізге барлық есік ашылады. Барып, тергеу жүргізе аламыз. Конвенцияға, шарттарға сүйеніп, сыртқа кеткен бүкіл заңсыз қаражатты қайтаруға толық мүмкіндік бар, - деп толықтырды Антикор басшысы.

Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы