Шетелдік жұлдыздар мен ірі шоулар: Еліміздегі концерттік индустрияның тыныс-тіршілігі қалай?

Қазақстан шетелдік жұлдыздардың тур-орталығына айнала ала ма? Еліміздегі ивент-индустрияның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен шешілмеген мәселелерін сарапшылар тарқатты.

 Pixabay 11 Қыркүйек 2026, 19:06
11 Қыркүйек 2026, 19:06
163
Фото: Pixabay

Соңғы уақытта елімізде шетелдік әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың келуі жиілеп, бұл жұртшылықтың қызу талқысына түсіп жүр. Мәселен, Канье Уэст пен Энрике Иглесиас сияқты танымал әртістердің концерті қоғамда екіұдай пікір тудырды. Желі қолданушыларының бір бөлігі концерттердің кешігіп басталуына, ұйымдастырушылық олқылықтарға және дыбыстың артқы қатарларға толық жетпеуіне шағымданса, екінші тарап сүйікті әртісін көзбен көріп, жастық шағын еске түсірген ерекше эмоцияның арқасында барлық кемшіліктер ұмытылғанын айтады.

Осы орайда, елдегі концерт индустриясының бүгінгі ахуалы қандай, ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға сапалы түрде дайынбыз ба, сондай-ақ бұл салаға қажетті техникалық мамандар мен инфрақұрылым жеткілікті ме деген сұрақтар туындайды. Осы мәселелердің байыбына бару үшін BAQ.KZ тілшісі сарапшылармен елдегі концерт индустриясының тыныс-тіршілігін жан-жақты талдап көрді.

Концерттік іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін қалай арттырып отыр?

«Four media» медиа орталығының атқарушы продюсері Назым Тілембайдың айтуынша, Қазақстанда ауқымды концерттер мен мәдени іс-шаралардың өтуі – туризм мен экономикаға тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл әлемдік тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген үрдіс.

Соңғы жылдары Қазақстанға әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың келіп жатқанына өзіміз куә болып отырмыз. Бұл – еліміздің мәдени және туристік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететін өте жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта да Қазақстанға көптеген әлемдік жұлдыздар келеді деп сенеміз. Бұл еліміздің мәдениеті үшін өте маңызды әрі жағымды үрдіс, – деді ол.

Дегенмен, іс-шараларды тек Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда ғана ұйымдастырумен шектелмеу керек. Мұндай ауқымды мәдени жобаларды өңірлерде де өткізу маңызды.

Мысалы, бұған дейін Қатонқарағайда және Алтай өңірінде ірі мәдени іс-шаралар өтті. Қатонқарағайда өткен жобалардың бірінде Димаш Құдайберген арнайы қонақ болып, әлемнің 11 елінен әншілер қатысқан болатын. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Мұндай халықаралық деңгейдегі шаралар Қатонқарағайдың ғана емес, жалпы Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға үлкен ықпал етті, - деді продюсер.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында, Ақтауда және Алматыда да осындай жобалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, «Tengri» жобасы Алматының таулы аймақтарында өткізіліп, мәдениет пен туризмді ұштастырып отыр. Осындай жобалар арқылы табиғат пен мәдениетті әлемге танытып, шетелдік және ішкі туристердің санын арттыруға болады.

«KZProduction» компаниясының директоры Серік Абудов еліміздің бұл бағыттағы әлеуетін өте жоғары бағалап, оның соңғы жылдары айқын көрінгенін айтты.

Айта кететін маңызды жайт, әлемдік деңгейдегі әртістің келуі – бұл тек гонорар немесе үлкен алаңның болуы ғана емес. Бұл – тұтас бір жүйе: команда мен жабдықтар логистикасы, қауіпсіздік, техникалық және тұрмыстық райдерлер, көрермендер ағынымен жұмыс, билет операторлары, орналастыру, көлік, PR және тағы басқа ондаған процестер. Елімізде осындай жобалар қаншалықты көп өтсе, бүкіл нарық соғұрлым мол практикалық тәжірибе жинайды, – деді Абудов.

Ірі концерттерді қабылдайтын стадиондар мен алаңдардың мүмкіндігі қандай?

Елімізде өтіп жатқан шетелдік жұлдыздардың концерттері жаппай талқыға түсіп, әлеуметтік желілерде көрермендер тарапынан түрлі шағымдар айтылды. Әсіресе, кештердің кешігіп басталуымен қатар, стадиондар мен ашық алаңдардың артқы қатарларында дыбыстың нашар естілуі, жарық пен акустиканың әлсіздігі жұртшылықтың наразылығын тудырды.

Дегенмен, сала мамандары бұл мәселеге басқа қырынан қарап отыр. Продюсердің пікірінше, қазіргі таңда Алматы мен Астанада техникалық жағынан аса үлкен қиындықтар жоқ. Әлемдік деңгейдегі кез келген әнші келген жағдайда, елдің техникалық мүмкіндіктері үлкен концерттерді өткізуге қауқарлы. Бірақ маман елімізде инфрақұрылымды жақсарту керек екенін баса айтты.

Әлемдік жұлдыздарды бұдан да көптеп тарту үшін концерттік инфрақұрылымды дамытуымыз қажет. Атап айтқанда, көрермен саны 50 мыңнан асатын ірі стадиондар мен алаңдар керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстанда 50 мыңнан астам көрерменді қабылдай алатын заманауи стадион жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осындай ірі нысандардың салынуы – біз үшін өте қуанышты әрі маңызды жаңалық болар еді, – деп атап өтті Назым Тілембай.

Саланың қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі де – дәл осы үлкен ареналардың жеткіліксіздігі.

Ал ірі концерттерді ұйымдастырумен айналысатын «KZProduction» компаниясының директоры Серік Абудовтың айтуынша, Қазақстанда ірі іс-шараларды өткізу әлеуеті жоғары болғанымен, әрбір жаһандық жоба жеке техникалық дайындықты талап етеді.

Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті жеткілікті түрде жоғары. Алайда әрбір үлкен концерт стадион немесе аренаның концерттік кеңістік ретінде жасалмағанын ескеріп, жеке техникалық дайындықты талап етеді. Шетелдік артистердің техникалық райдерлерінде дыбыс, жарық, сәулет конструкциялары мен қауіпсіздікке қатысты қатаң талаптар көрсетіледі. Сондықтан біздің міндет – тек алаң ұсыну емес, оны нақты шоуға бейімдеу, – деді Серік Абудов.

Оның сөзінше, кейбір қажетті жабдықтарды бір жерден толық табу қиын болғандықтан, ұйымдастырушылар оларды бірнеше көзден жинақтауға мәжбүр болады. Сонымен қатар, үлкен спорт нысандары мен арнайы концерттік залдардың акустикасы өзгеше болатындықтан, дыбыс жүйесін дұрыс орналастыру үлкен дайындықты қажет етеді.

Сонымен қатар, компания директоры стадион мен концерт залының акустикалық сипаттамалары түбегейлі ерекшеленетінін жеткізді. Сондықтан дыбыс жүйесін дұрыс жобалау, жабдықты орналастыру және кәсіби техникалық команданың жұмысы үлкен маңызға ие. Негізгі мәселе – сауатты жоспарлауда: райдерді алдын ала егжей-тегжейлі талдап, алаңның техникалық мүмкіндіктерін анықтап, әрбір позиция бойынша шешім табу қажет.

Отандық техникалық мамандардың кәсіби деңгейі қандай?

Продюсер қазір концерттерді ұйымдастыру саласындағы мамандардың деңгейі айтарлықтай өскенін айтты. Оның пікірінше, соңғы жылдары кәсіби ұйымдастырушылардың қалыптасып, тәжірибесі артып келе жатқанын көруге болады. Алайда техникалық қамтамасыз ету саласында кадр жетіспеушілігі бар екені рас.

Техникалық бағытта әлі де жетілдіретін тұстар бар. Мысалы, жарық қою мамандары, дыбыс режиссерлері және басқа да техникалық мамандар үлкен халықаралық жобаларға келген кезде шетелдік әріптестерімен бірге жұмыс істеп жатады. Менің ойымша, бұл – кемшілік емес, керісінше, тәжірибе алмасудың өте жақсы мүмкіндігі, – деді сарапшы.

Өз кезегінде Креативті индустриялар форумының ұйымдастырушысы Айнұр Байғожа отандық мамандардың әлеуеті мен олардың жұмыс істеу форматына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, елімізде кәсіби кадрлар жеткілікті, алайда нарықтағы жүйе басқаша құрылған.

Мамандарға келетін болсақ, бізде әртүрлі кәсіби мамандар жеткілікті. Мысалы, өзіңіз де білесіз, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстаннан да команда тартылған болатын. Бір айта кетерлігі, ірі компаниялар бұл мамандарды штатқа тұрақты жұмысқа алмайды, оларды тек жекелеген жобаларға ғана жалдайды. Сондықтан мұндай мамандар көбінесе жобалық негізде жұмыс істейді, – деді ол.

«KZProduction» директоры Серік Абудов та бұл пікірді қолдап, ивент-индустрияда практикалық тәжірибенің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазақстанда кәсіби мамандар бар және көптеген команда ірі іс-шараларды жүзеге асыруда айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар индустрия өте жылдам дамып келе жатқандықтан, білікті кадрларға деген қажеттілік те үнемі артып отыр. Әсіресе ірі жобаларда практикалық тәжірибесі бар мамандар жоғары бағаланады: техникалық директорлар, дыбыс режиссерлері, жарық және сахна құрылымдарының мамандары, продакшн және жоба менеджерлері. Ауқымды концертте мұндай әрбір маманның жұмысы жалпы нәтижеге тікелей әсер етеді, – деді маман.

Оның айтуынша, жалпы ивент-индустрияда кәсіби маманды тек теориялық тұрғыдан дайындау қиын. Көп нәрсе тәжірибе арқылы келеді. Маман өз саласын жақсы білуі мүмкін, бірақ ондаған мердігермен, қатаң дедлайндармен және халықаралық райдермен жұмыс істеу мүлдем басқа деңгейдегі жауапкершілік пен үйлестіруді талап етеді.

Концерттік индустрияда қандай бағыттарды дамытуымыз қажет?

Серік Абудовтың айтуынша, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін алдымен бірнеше маңызды бағытқа басымдық беру қажет:

Біз индустрияны бөлшектеп емес, тұтас экосистема ретінде қарастыруымыз керек. Ірі концертті сапалы өткізу үшін инфрақұрылым, техника, кадрлар мен маркетинг бірдей дамуы тиіс, – деді ол.

Сарапшы атап өткен негізгі бағыттар мыналар:

  • Бірінші бағыт мамандандырылған концерттік инфрақұрылымды одан әрі дамыту. Ірі шоулардың заманауи талаптарын (дыбыс, ілу жүйелері, сахналық құрылымдар, электрмен жабдықтау, жабдықтар логистикасы және көрермендер ағыны) бастапқыда ескеретін алаңдар қаншалықты көп болса, халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру соғұрлым оңай болмақ.
  • Екінші бағыт техникалық базаны жаңғырту. Заманауи шоулар барынша технологиялық сипатқа ие болуда: жарықтар, экрандар, автоматтандырылған сахналық шешімдер мен күрделі қойылым элементтері көбейіп келеді. Сәйкесінше, техникалық қамтамасыз ету нарығы да сол қарқынмен дамуы тиіс.
  • Үшінші бағыт кәсіби кадрлар мен жүйелілік. Мұнда тәжірибе алмасу, отандық мамандардың халықаралық жобаларға қатысуы және нарықтағы тұрақтылық маңызды рөл атқарады.

Әрбір сапалы іске асырылған халықаралық жоба тек жекелеген ұйымдастырушылардың ғана емес, бүкіл қазақстандық концерттік нарықтың беделіне қызмет етеді. Егер елде заманауи ареналар көптеп салынып, осындай жүйелі қадамдар жасалса, Қазақстанның болашақта Орталық Азиядағы ірі мәдени және концерттік орталықтардың біріне айналатынына сенім мол.

Наверх