ТМД Парламентаралық ассамблеясының бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы республикалық референдумның дайындық деңгейі мен ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Бұл туралы Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің федеративтік құрылым, өңірлік саясат, жергілікті өзін-өзі басқару және Солтүстік істері жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Шевченко Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бақылаушылар миссиясы бейсенбі күнінен бері жұмыс жүргізіп, бірқатар мемлекеттік органдармен кездесулер өткізген. Кездесулер Парламент өкілдерімен, Жоғарғы сотпен және Орталық сайлау комиссиясымен өткен.
Барлық кездесуде өте ашық әрі мазмұнды әңгіме болды. Кез келген мемлекет үшін жаңа Конституцияны қабылдау – аса маңызды, тіпті мемлекеттің өміріндегі ең басты оқиғалардың бірі, – деді Шевченко.
Ол референдумды өткізуге дайындық жұмыстары алдын ала жан-жақты жүргізілгенін атап өтті. Бақылаушылардың айтуынша, Қазақстан азаматтарына алдағы дауыс беру туралы ақпарат кеңінен жеткізілген.
Ақпарат республика өңірлерінің барлығына жеткізілген. Кері байланыс жүйесі өте жақсы жолға қойылған. Бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі байланыс арналары және интернет арқылы кең талқылаулар жүргізілді. Тұрғындардың шынайы қызығушылығын байқадық, – деді бақылаушы.
Андрей Шевченко сайлау учаскелерін аралау барысында комиссиялардың дайындық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, учаскелерде қажетті ақпараттық материалдар толық әрі түсінікті орналастырылған.
Сондай-ақ бақылаушылар қозғалысы шектеулі азаматтар үшін арнайы дауыс беру орындарының қарастырылғанына назар аударған.
Біз волонтерлердің жұмысы нақты ұйымдастырылғанын, қоғамдық бақылаушылардың белсенді қызметін көрдік. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде жастардың көп екенін байқадық. Бұл өте маңызды, – деді ол.
Оның сөзінше, бақылаушылар миссиясы күні бойы сайлау учаскелерін аралауды жалғастырады.
Мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру тұрғысынан үйренер тәжірибе бар деп айтуға болады. Жалпы алғанда, бұл процесс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деп қорытындылады Андрей Шевченко.