Шетелдік ғалымдарға 50 есе көп ақы төленген: Білім саласындағы жүйелік олқылықтар ашылды

Білім мен ғылым саласындағы жемқорлық тәуекелдері әшкереленді.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 20:11
Бүгiн 2026, 20:11
120
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі білім және ғылым саласына, оның ішінде қаржыландыру тетіктеріне сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Нәтижесінде шетелдік ғалымдарға қазақстандықтарға қарағанда 50 есе көп ақы төленгені анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талдау барысында ғылыми жобаларды іріктеу мен іске асыруда жүйелік олқылықтар анықталған. 13,5 мың сарапшының шамамен 75%-ы іс жүзінде жұмысқа қатыспаған. Сонымен қатар, 30 зерттеу жобасы бойынша объективтілік принциптері бұзылып, олардың жалпы құны 11,5 млрд теңгені құраған.

Сарапшылар жалақысындағы теңсіздік жойылды

Бұған дейін шетелдік мамандар шамамен 400 мың теңге алса, отандық сарапшылар орта есеппен небәі 8 500 теңге алған. Енді сарапшы қызметінің құнын есептеудің жаңа әдістемесі бекітіліп, еңбекақы төлеудің бірыңғай тәсілі енгізілді, - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

«Қара тізім» жасалды

Ғылыми әдеп талаптарын бұзған немесе нәтижеге қол жеткізбеген сарапшылар мен жоба жетекшілерінің арнайы реестрі құрылды. Бұл тізімге енгендер жетістіктері расталғанға дейін конкурстарға қатыса алмайды.

2 966 мектепте тәуекел анықталды

Оқушыларды жалған есепке алу қаупі 2 966 мектепте тіркелген. Қазір олардың 99,9%-ына цифрлық бақылау жүйелері енгізіліп, нақты оқушы жоқ мектептерге қаржы бөлудің жолы кесілді.

Сондай-ақ, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы жарияланымдар мен гранттық жобаларды автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізді. Сарапшыларды кездейсоқ таңдау және жасанды интеллект элементтері арқылы іріктеу механизмі іске қосылған.

Аталған шаралар 2026 жылға жоспарланған 270 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Агенттік білім және ғылым саласында заңдылық пен адалдықты күшейту бойынша жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Наверх