Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен сенбіде елордадағы Ботаникалық саябақта дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері 50 түп көшет отырғызды.
2025 жылға қарай «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2 млрд жаңа ағаш отырғызу мақсатына қол жеткізуге шетелдік дипломаттар да өз үлестерін қосты. Бір қызығы, бір күн бұрын, 22 сәуірде бүкіл әлем қамқорлық пен қоршаған ортаны қорғауды бейнелейтін Жер күнін атап өтті, – деп жазды министрлік әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар Ұлыбритания Елшісі Кэти Лич Жер күнін қолдап, осы игі шараға қатысқанына қуанышты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жасыл трансформациясы аясында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуға көмектесуге міндеттеме алды. Менің елші әріптестерім және өзім сенбі күні Нұр-Сұлтан ботаникалық бағында ағаштар отырғызып, 22 сәуірдегі Жер күнін қолдай отырып, осы мақсатқа жетуге көмектесуге қуаныштымыз. Бізге атмосфера, шай және дәмді палау өте ұнады! - деді Ұлыбритания Елшісі Кэти Лич.
Еуропалық одақ миссиясының басшысы Кестутис Янкаускас те Қазақстанның таза қоршаған орта, су және ауа үшін үлкен үлес қосып отырғандығын құптады.
Бүгін қазақстандық және халықаралық дипломаттармен бірге елорданың Ботаникалық бағына ағаш отырғыздық. Ұлы даланы көгалдандыруға және климаттың өзгеруімен күресуге кішігірім, бірақ маңызды үлесіміз. Қазақстан мен Еуроодақ күштерді біріктіре отырып, анағұрлым таза қоршаған орта, су және ауа үшін күреске салмақты үлес қоса алады! - деп атап өтті.
Ал Нидерланд Елшісі Андре Карстенстің пікірі тіпті ерекше. Ол көктемге тек жыл мезгілі деп қарамайды.
Көктем келді, - деді, - тек жыл мезгілі ретінде ғана емес, реформалар тұрғысынан да. Бұл Қазақстан халқының күнделікті өмірін жақсартады, адам құқықтарын нығайтады және экономиканы тұрақты түрде әртараптандыру үшін көбірек инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Сондықтан мен осы ағаштарды өсу, денсаулық пен үміттің жанды белгісі ретінде көремін!
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі әріптестеріне ортақ үйіміздегі қоршаған ортаны қорғауға ниеттестік пен белсенді қолдау көрсеткені үшін және осы акцияны сапалы ұйымдастырғаны үшін елорда әкімдігіне алғыс білдірді.