Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың шетелдік биржаларда акцияларды сату кезінде құн өсіміне салық салу тәртібі туралы сұрақтарға жауап берді.
Шынында да, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес құнның өсімі анықтаған кезде биржа комиссиялары, делдалдар немесе депозитарий сияқты шығыстарды шегеру қарастырылмаған және шеккен залалды кейінге шегеру де қарастырылмаған.
- Жеке тұлғалардың шетелдік қор биржаларында тұрған акцияларды сатудан түскен табысын алуға байланысты шығынды шегеру мәселесі қарастырылып жатыр ма?
- Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің алаңында салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы салық заңнамасына бірқатар түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Жеке тұлғалардың кірістің осы түрін алуына байланысты шығынды шегеру мәселесі де қарастырылуда.
Аталған талқылауға жеке адамдар да қатыса алады. Ол үшін Сіз ҚР ҰЭМ-не әлемдік тәжірибенің заңнамалық тұрғыдан реттелетін нормаларын ескере отырып, құнның өсуін анықтау туралы көзқарасыңызды жібере аласыз.
- Шеккен залалды кейінге шегеру неге қарастырылмаған?
- Келтірілген шығын туралы айта кету керек, шеккен залал ұғымы «классикалық» түрде де, Салық кодексінің 299-бабына сәйкес те, шығынның кірістен асып түсуін білдіреді. Бұл кіріс, ең алдымен, өндірістік қызметтің нәтижесінде пайда болады.
Бағалы қағаздарды сатудан түскен кіріс – «пассивті» кіріске жатады. Ал жеке тұлғалар мұндай операциялардан түскен кіріс пен шығысына есеп жүргізбейді. Сәйкесінше, мұндай операциялардан шеккен залал есепке алынбайды.