Шетелдік байқаушы референдумға жастар белсенді қатысып жатқанын айтты

РФ Мемлекеттік думасының депутаты Алексей Чепа Конституциядағы өзгерістерді азаматтар болашаққа жасалған қадам ретінде қабылдап жатқанын айтты.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Кеше 2026, 15:36
Кеше 2026, 15:36
440
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ресей Мемлекеттік думасының халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Чепа Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) бақылаушылар миссиясының атынан Қазақстандағы республикалық референдумның өту барысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Халықаралық бақылаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресейлік парламентарийдің айтуынша, халықаралық бақылаушылар бірқатар сайлау учаскесіне барып, дауыс беру үдерісінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен.

Біз тағы да тамаша Астана қаласына келгенімізге қуаныштымыз. Бүгін күн көктемгі болмаса да, адамдардың көңіл-күйі көктемдей жарқын әрі көтеріңкі. Таңғы жетіге дейін-ақ кезек жинала бастады. Бұл Қазақстан тұрғындарының Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерді үлкен ынтамен әрі жауапкершілікпен қабылдап отырғанын көрсетеді, — деді Алексей Чепа.

Ол азаматтардың ұсынылып отырған өзгерістерді елдің болашақ дамуы үшін маңызды негіз ретінде қабылдайтынын атап өтті.

Бұл — алдағы кезеңде ел тұрғындары өмір сүретін заңнамалық негіз. Адамдардың мұндай жауапкершілікпен қарауы қуантады. Демек қабылданатын нормалардың маңызы зор, — деді бақылаушы.

Оның айтуынша, көптеген сайлаушылар конституциялық жаңашылдықтарды саяси жүйенің одан әрі дамуына бастайтын қадам ретінде қарастырады.

Бұл жаңашылдықтар мен елеулі өзгерістер халық тарапынан болашаққа жасалған қадам ретінде қабылданып отыр. Адамдар билік құрылымының жүйелене түсетінін көріп отыр. Президент өкілеттігінің бір бөлігін парламентке береді, ал парламентті халықтың өзі сайлайды, яғни өкілеттіктің бір бөлігі халыққа беріледі, — деді ол.

Чепа бақылаушылар сайлау учаскелерінде ешқандай заңбұзушылық тіркелмегенін де атап өтті.

Әріптестерімізбен бірге жүргізген барлық бақылау нәтижесі толық тәртіптің сақталғанын көрсетеді. Ешқандай заңбұзушылық байқалған жоқ. Барлығы өте ұйымдасқан және жауапкершілікпен өтіп жатыр, — деді ол.

Оның айтуынша, дауыс беру учаскелерінде егде жастағы азаматтар да, жастар да белсенділік танытып отыр.

Әдетте дауыс беруге көбіне үлкен буын келеді деп ойлаймыз. Алайда жастар да белсенді. Өйткені олар бұл — өз болашағы екенін түсінеді, — деді депутат.

Алексей Чепа жаңа Конституция жобасымен танысқанын және ұсынылған өзгерістерді ел дамуының маңызды кезеңі деп санайтынын айтты.

Бұл — бірпалаталы жүйеге көшу жолындағы маңызды әрі жауапты қадам. Қазақстан бүгін мұндай өзгерістерге дайын деп айтуға болады, — деді ол.

Сөз соңында ол аталған өзгерістерді мемлекет үшін маңызды кезең деп бағалады.

Бұл — егемен Қазақстан үшін алға жасалған өте маңызды қадам, — деді Алексей Чепа.

Наверх