2023 жылғы 23 қаңтардан, яғни бүгіннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлікті заңдастырғанда нені біліп, қандай ережелерді еске сақтау керек? Оқып көрейік.
Шетелде тіркелген машиналарды заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады.
Қандай көліктер заңдастырылады?
Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, басқаруы оң жақтағы автокөліктер
Заңдастыру үшін көлікке қойылатын талаптар
- автокөлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы қажет;
- криминалдық есепте болмауы керек;
- басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс;
- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.
Өтінішті қалай беруге болады
- е-gov.kz электронды үкімет порталы;
- екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) қосымшалары;
- ХҚКО-ның «Өз-өзіне қызмет көрсету секторы» арқылы.
Автокөлікті заңдастыру үшін қандай құжаттар қажет?
- Өтініш;
- Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
- Көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;
- Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.
Нәтижесі арнайы базаға тіркеледі және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберіледі. Онда қабылданған шешім туралы мәлімет нақты жазылады. Заңдастыруға рұқсат етілсе, мемлекеттік алымдар төлеу қажет.
Рәсімдеуге кететін уақыт пен ақша
Мамандандырылған ХҚКО-да құжат қабылданғаннан соң кқлік тексеріске жіберіледі. Портал арқылы өтініш бергенде де иесі көлікті жақын жердегі арнайы ХҚКО-ға апаруға тиіс болады.
Тексерістен өткеннен кейін екі жұмыс күні ішінде деректер базасынан машинаның іздеуде немесе кепілде бар-жоғын анықтайды. Содан кейін заңдастыруға рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім шығады. Егер бас тартылса, көлік иесі құжатты қайтаруға негіз болған себепті жойып, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қайта өтініш бере алады.
Қанша қаражат қажет:
- алғашқы тіркеуге 200 000 теңге;
- техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ – 4 313 теңге;
- мемлекеттік нөмір – 9 660 теңге.
Одан соң көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырады. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты, мемлекеттік нөмір беріледі.
Шетелдік нөмірлері бар көліктерді заңдастыру бойынша сұрақтардың жауабын мына байланыс орталықтарынан алуға болады.