Шетелдік әншілер қазақша ән айтып, Астанада Қытай мәдениетін таныстырды

23 Қыркүйек 2026, 22:03
АВТОР
 23 Қыркүйек 2026, 22:03
23 Қыркүйек 2026, 22:03
31

Астанада Қытайдың Күз ортасы мерекесіне және Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына арналған концерт өтті. Кештің басты ерекшелігі – Чунциннен келген өнерпаздардың қазақ әндерін орындап, екі елдің музыкалық мәдениетін бір сахнада тоғыстыруы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында өткен «Тянья гун цы ши» («Бір ай астындағы бір сәт») атты концертте Қытайдың дәстүрлі музыкасы мен қазақ халық әндері орындалды.

Кештің шымылдығы қазақтың «Ана» әнімен ашылды. Чунцин опера театрының өнерпаздары қазақ тілінде ән орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Бағдарлама барысында қазақ және қытай халық әндері, вокалдық дуэттер, ерлер ансамблінің орындаулары, жеке вокалдық нөмірлер, дәстүрлі музыкалық аспаптардағы шығармалар, оркестрлік және хореографиялық қойылымдар ұсынылды.

Осылайша, Қытайдан келген өнерпаздар өз елінің мәдениетін ғана емес, Қазақстанның музыкалық дәстүрін де сахнада көрсетті.

Чунцин қаласының Мәдениет және туризмді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ло Сяочунь екі халықтың мәдени үндестігі музыкадан да байқалатынын айтты.

Ол қазақтың «Майра» әнінің Чунцинде Янцзы өзенінің қайықшылары орындайтын дәстүрлі әндермен үндесетінін, ал қазақтың «Ана» әнінің қытайдың «Руюань» («Қалай тілеу керек») әнімен үйлесетінін атап өтті.

Біз бір планетада өмір сүріп, бір айға қараймыз. Арамызды мыңдаған шақырымдық таулар мен өзендер бөліп жатса да, бізді терең мәдени байланыстар біріктіреді, – деді Ло Сяочунь.

Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлин Күз ортасы мерекесінің екі ел үшін де маңызды мәдени мәні бар екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл мереке Қытайда «Қауышу мерекесі» деп те аталады және туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті, елдің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатына деген ізгі тілекті білдіреді.

Мемлекетаралық қатынастар халықтардың өзара жақындығына байланысты. Ал халықтар арасындағы жақындық жүректен жүрекке байланыс арқылы қалыптасады. Географиялық кедергілер өркениеттердің бір-бірінен үйренуіне тосқауыл бола алмайды, – деді елші.

Хань Чуньлин концертті Қазақстан мен Қытай халықтарының байланысын нығайтатын мәдени алаң ретінде бағалады.

Екі халықтың достығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өркениеттердің өзара үйренуі арқылы жаңғыра беруін қалаймыз, – деді ол.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов та екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа тоқталды.

Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолы арқылы ғасырлар бойы байланыс орнатқан Қазақстан мен Қытайдың мәдени қарым-қатынасы бүгінде жаңа деңгейге көтеріліп отыр.

Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығы мен Астанадағы Қытай мәдени орталығы халықтарымызды жақындастыратын маңызды мәдени көпірге айналды, – деді вице-министр.

Айбек Сыдықов 2026 жылдың Қазақстан мен Қытай мәдениеттерінің тоғысқан жылы ретінде өтіп жатқанын атап өтті.

Концертте Чунциннің мәдениетімен қатар, қаланың туристік мүмкіндіктері де таныстырылды.

Чунцин өкілі қаланы ерекше сәулеті, таулы ландшафты, екі өзені мен заманауи инфрақұрылымы арқылы танымал мегаполис ретінде сипаттады.

Қала «8D мегаполис» деген бейресми атауымен де белгілі. Мұнда тұрғын үйлердің арасынан өтетін монорельс, көпдеңгейлі жолдар мен таулы жер бедеріне бейімделген ерекше сәулет туристердің қызығушылығын тудырады.

Чунциннің табиғи және туристік нысандары қатарында Үш шатқал, Уцзян өзені, ыстық бұлақтар және жергілікті хот-пот тағамы аталды.

Ло Сяочунь қазақстандықтарды Чунцинге саяхаттауға шақырды.

Қазақстаннан көбірек достарымыздың Чунцинге келіп, бұл қаланы танып, түсініп, жақсы көргенін шын жүректен қалаймыз. Уақыт қанша өтсе де, Чунцин сіздерді әрдайым күтеді, – деді ол.

Айта кетейік, концерт алдында театр холында Чунциннің табиғаты мен көрікті жерлеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Қонақтар қала көріністерін тамашалап, Қытайдың дәстүрлі шамдарымен суретке түсті.

Мерекелік кеш Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған шаралар аясында ұйымдастырылды.

Наверх