Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемнің бірнеше елінде Қазақстанның сауда өкілдіктері ашылады. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
«Біздің өнімді шетелге ілгерілету және сүйемелдеу үшін экспорттаушыларға «Бір терезе» - «QazTrade» тартылған. Ол экспорттаушы мен мемлекеттік орган арасында агент рөлін атқаратын болады. Біздің сауда өкілдіктеріміз шетелде «QazTrade» - сыртқы кеңселер болады», - дейді Бақыт Сұлтанов.Оның айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін министрлік сауда өкілдіктер желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Әлемдік практикада сауда өкілдіктері сауда қатынастарын кеңейтудің негізгі және тиімді құралдарының бірі болып саналады.Қосымша кеңселер Қытайда, жаңа өкілдіктер Түркияда, Үндістанда, Иранда, Өзбекстанда, Ауғанстанда және Польша мен Чехияда ашылатын болады. Бұл кеңселерде қазақстандық тауарларды шетел нарығында ілгерілету үшін біздің білікті «лоббистер» жұмыс істейді», - дейді министр.
Сондай-ақ оның айтуынша, өңірлік және шекара маңындағы сауданы дамыту көзделген. Әлеуметтік кәсіптік корпорация базасында өңірлік экспорттаушы орталықтар құру жоспарланып отыр.
«Олардың қызметін «QazTrade» үйлестіретін болады. Алып-сатарларды қысқарту және өндірушілерге тамақ өнімдерін сақтау, қаптау, өткізу және тасымалдау бойынша қызмет көрсету мақсатында көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктермен бірге агроөнеркәсіп отандық тауар өндірушілерін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде»,- дейді Бақыт Сұлтанов.