Шетелден үйренеріміз көп екен - марафоншы

26 Қаңтар 2023, 10:39
1212
Бөлісу:
Шетелден үйренеріміз көп екен - марафоншы

Көкшетаулық желаяқ Айтан Өкәйұлы Жылқыбай АҚШ-тың Бирмингем қаласында 21 шақырымдық қайырымдылық марафонына қатысып, 60 жастан асқандар арасында мәрені бірінші болып сызып өткен марафоншы. Еңбек ардагері Америка сапары жайлы көңілге түйгендерімен бөлістідеп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

 

Америка сапары жайлы айтып берсеңіз...

–Өткен жылдың сәуірінде Стамбул арқылы Американың Атланта қаласына сапар шектім. Атлантада 1996 жылы жазғы Олимпиада ойындары өтіпті. Біздің елден Василий Жиров бокстан Олимпиаданың қола медалін алды. Бұл жерде жүз елудей қазақ отбасы тұрады екен. Бір-бірімен етене араласып, тіпті Атланта қаласының шағын қазақ тілі қауымдастығын құрыпты. Шет жерде жүргенде қазақ екеніңді ерекше сезінеді екенсің. Алған  әсерлерімде шек жоқ, көтеріңкі көңілмен Атланта қаласынан жүз елу шақырымда балаларым тұратын Бирмингем қаласына келіп жеттік. Қала жасыл желекке бөленген, ағаштардың биіктігі 20-30 метрге жетеді.  Бирмингем қаласында 200 мыңдай халық тұрады. Бұл жерде темір, әк және көмірдің мол қоры бар, металлургия саласы қатты дамыған.

Бирмингем қаласына әбден үйреніп кеттім. Бұл жақта күн ыстық. Температура 35-40 градус, экваторға жақын орналасқан. Қыс болмайды. Айнала жап-жасыл, ағып жатқан өзендер. Картаны қарасаң, Америка мемлекеті екі алып мұхиттің ортасында орналасқан, ол Атлант мұхиты мен Тынық мұхиты. Сондықтан біз Мексика шығанағына қарай, оңтүстік Америкадамыз. Күнделікті істейтін жұмысымды жоспарлап қоямын. 

Шетелден үйренеріміз көп екен - марафоншы

Марафонға қалай дайындалдыңыз? Қиындықтар болған жоқ па?

–Спортпен шұғылдануды тоқтатпадым. Таңмен таласа оянып, сағат төрттен бастап денешынықтыру жаттығуларын жасап жүрдім. Күнде он шақырымдай жүгіремін. Марафоншы үнемі бабында болуы керек. Жылдың төрт мезгілінде де жүгіруді әдетке айналдырғандықтан, дайындықты тоқтатпадым. Жүгірудің денсаулыққа пайдасы зор ғой, әрі марафонда кез келген жастағы адам жүгіре алады. Қала тұрғындары жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат бесте тұрады. Демалатын адамдар, әсіресе спортпен айналысатындар спорт алаңдарында, саябақтарда дайындық жасап, денешынықтырумен айналысып жүреді. Таңғы сағат 7.30-да 5000 шақырымдық қайырымдылық марафонын жасадым. 28 мыңын 39 секундта жүгіріп өттім. Бір қызығы, бұл жерде марафонға қатысатын адам 40 доллар төлейді, жүгіргенде иттерімен де жүгіреді, итке де нөмір алады. Барлығы жақсы ойластырылған, адамдар көңілді, бір-бірімен сәлемдесіп жатады. Үйлерінде ит-мысық ұстайтындар көп. Олардың жеке дүкендері, клиникалары, емдейтін жерлері, тіпті балабақшалары бар. 

Шетелден үйренеріміз көп екен - марафоншы

АҚШ-та өткізген алты ай уақыт ішінде не көріп-байқадыңыз?

–Сақтандыру жүйесі адамдарға жақсы жағдай жасаған. Жұмыс істеп, жалақың жақсы болса, кредит аласың, бізден айырмашылығы алған кредитіңнің пайызын соңында төлейсің. Емделу өте қымбат. Емханаға жату орта есеппен бір мың доллар тұрады, оның өзінде сақтандыру келісім шарты болу керек. Сақтандыру қағазы болмаса, дәрі-дәрмек ала алмайсың. 50-60 мың доллар тұратын көлікті кредитке аласың, үш-төрт жыл жүргесін ол машинаны апарып бересің, тағы да осы бағада жаңасын аласың, баға өзгермейді. Балаларға 16 жастан көлік жүргізуге болады, екі жыл бойы ер адамдар, ата-анасы машинамен бірге жүреді, сосын екі жыл оқығаннан кейін емтихан тапсырады үйде отырып, біздегі сияқты қызмет көрсету орындарына бармай-ақ барлығы компьютермен жасалады. Жағдайлары адамдардың әр түрлі, бір байқағаным, заң қатал, барлық жерде бір тілде, ағылшынша жазылған, не істеймін десең істейсің, қалтаңда долларың болсын. Енді түсіндім, неге әлемнің 80 пайызы ағылшынша сөйлейтінін, себебі адамдардың еркін өмір сүруіне жағдай жасалған, ғылымға, өнерге, деннің саулығына, әркім өзінің сана-сезімін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Шетелден үйренеріміз көп екен.

Марафон қалай өтті?

 Мұхиттың ар жағындағы уақыт ауысымына қарамастан, қажыр-қайратын жанып отырып, бірнеше шақырымға жүгіріп, өзімнің ерік-жігерімді таныттым. Әрине, осында тұратын балаларым мен немерелерім де көп қолдау көрсетті. Үшінші марафонда 21 шақырым 100 метр қашықтықты 2 сағат 12 минутта жүгіріп өтіп, қатарластарымнан озық шықтым. Әрине, жеңіс тұғырынан көріну үшін ұдайы дайындық керек. Алты ай дайындалғаным жақсы болды. Әлемге деген оң көзқарас, салауатты өмір салты өмірді жақсы жаққа өзгертеді. Шаршаған сайын тоқтамауға тырысып, мәреге қалай жететініңізді байқамайсыз. Бұл өзіңді-өзің жеңу. Біз кедергілерді өзіміз ойлап табамыз, бірақ іс жүзінде жас шектеуі деген жоқ. Спортты жаныма серік етіп, бақытты болуды үйрендім. 

Шетелден үйренеріміз көп екен - марафоншы

 Бұл жерде спортқа өте жақсы жағдай жасалған. Орталық саябақта  жабдықталған жүгіру алаңы бар. Күн ыстық, сондықтан күнде таңғы салқынмен жүгіретінмін. Он екі жылдық  марафондағы тәжірибем осы жолы да көмекке келді, көптеген жаттығулар, қаншама төгілген тер, оны сөзбен айтып жеткізу қиын, бірақ жеңіл жүгіріп өттім. Денем жеңілдеп, сондай бір көтеріңкі көңіл-күйде болдым. Өзімнің бұрынғы салмағым 64 келі болатын, осы жылғы марафоннан  кейін 57 келі 300 грамм болдым. Денеден көп су бөлінеді,  оның орнын толтыру керек. Бір қызығы, марафонға жүгіру номерім төрт тоғыз саны болғаны. Оны компьютер солай басып шығарды. Өзім іштей мынау төрт тоғыз саны қасиетті сандар, сондықтан жеңіл жүгіріп өтуге тиіспін деп ойладым. Айтқанымды орындадым. Осы жолы медальмен қоса ұйымдастырушылар қолыма американдық қол сағатты сыйға берді. Тамаша өмірлік естелік болды. 

Алған әсеріңіз жайлы ой бөліссеңіз...

–Кез-келген жарыста міндетті түрде дайындық, күш-қайрат, ерік-жігер керек. Ең бастысы – ерінбеу. Өмір мен үшін – қозғалыс.Бирмингем қаласының құрылғанына елу жылдай болады екен. Өте тез дамып кеткен қала. Бір миллиондай халық тұрады. Бұл марафонның мен үшін орны бөлек болды. Қолтаңбамды қалдырдым. Мені қолдай келген балаларым, немерелерімді құшағыма қысып тұрып, Америка елімен қимай қоштастым. Ең бастысы, «тәуекел түбі жел қайық» деп қазақ жастары ештеңеден тайынбай, шетелді де бағындыра алатынына сенімді болса екен. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы