Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанға шет елден тұрақты емес авиарейстермен келген барлық адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін карантиндік стационарда оқшауланады. Бұл жайында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың бүгін жарияланған қаулысында айтылған.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасына шет елден тұрақты емес авиарейстермен келген адамдарға қатысты шектеу шаралары мынадай тәртіппен жүргізіледі:Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын, Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми делегацияларының мүшелерін; Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін; авиакомпаниялар экипаждарын; Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде алынған сәттен бастап 5 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар CОVID-19-ға тексеру туралы анықтама берген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасына шет елден тұрақты емес авиарейстермен келген барлық адам COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін карантиндік стационарда оқшаулауға жатады.
СОVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижесі бар адамдар инфекциялық стационарға ауыстырылады, СОVID-19-ға теріс нәтижесі бар адамдарға осы қаулыға 33-қосымшаға сәйкес тиісті қолхат алына отырып, COVID-19 ықтимал симптомдары туралы түсіндіру жүргізіледі. COVID-19-ды жоққа шығармайтын белгілері бар адамдар карантиндік стационарға емес, провизорлық стационарға емдеуге жатқызылады, - делінген құжатта.Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде алынған сәттен бастап 5 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар CОVID-19-ға тексеру туралы анықтама берген адамдар COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін карантиндік стационарда оқшауланбайды.
Оларға осы қаулыға 33-қосымшаға сәйкес тиісті қолхат алына отырып, COVID-19 ықтимал симптомдары туралы түсіндіру жүргізіледі.
Еске салсақ, қаулы өзгерістеріне сәйкес Түркиядан келген жолаушылар 48 сағат ішінде ПТР тест тапсыруға міндетті.